
Бүгін облыс әкімдігінде «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі күніне» арналған салтанатты шара өтті. Ел ырысын еселеп, еңбек етіп жүрген агроөнеркәсіп кешенінің қызметкерлері мен осы салаға зор еңбек сіңірген ардагерлерді облыс әкімі Ғали Есқалиев кәсіби мерекемен құттықтады
– Халқымызда «ауылдың амандығы – елдің амандығы» деген жақсы сөз бар. Расында да, ұлтымыздың тамыры – ауыл, тағдырымыз да соған байланысты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жергілікті атқарушы биліктің алдына агроөнеркәсіпті кешенді дамытуға жаңа серпін беретін бірқатар міндеттер қойды. Бұл мақсатта облысымыздың ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері де еселі еңбек етеді деген сенімдемін. Биыл ауыл шаруашылығы саласы күрделі және ерекше кезеңді өткізді. Пандемия жағдайында аграрлық саланың артықшылығы мен стратегиялық маңызы айқын көрінді. Өңіріміздің тұрғындарын азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз ете отырып, егіс және егін жинау науқандарының жұмысын жүйелі атқарған ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу кәсіпорны қызметкерлері барлық құрметке лайық деп білемін. Жалпы ауылдық жердегі кәсіптің негізі ауыл шаруашылығы саласы екені баршамызға мәлім. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешені саласында өңірімізде 50 мыңға жуық адам еңбек етуде. Сiздер қажырлы еңбектерiңiзбен елiмiздiң экономикасының дамуына ғана емес, қоғамның әлеуметтiк тұрақтылығының нығаюына да қомақты үлес қосып келесiздер. Берекелі аймақтың ырысын арттыру жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын! – деп сөзін сабақтаған облыс басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға тынбай үлес қосып жүрген еңбек ұжымдарын ерекше мақтанышпен атады.
Егін шаруашылығында озық технологияларды және жоғары өнімді ауыл шаруашылығы техникаларын заман талабына сай пайдаланып жүрген Байтерек ауданының «Заман» ЖШС, «Агросервисбатыс» ЖШС, «Алтын бидай» ШҚ (Матевосян), Теректі ауданының «Тұлпар» ШҚ (Голоухов) дәнді дақылдардан 1 га 40 центнерден жоғары өнім алған. Мал шаруашылығы саласында асылдандыру жұмыстарын Теректі ауданының «Айсұлу» ШҚ, Жәнібек ауданының «Әлем» ШҚ, Байтерек ауданының «Шунайбеков» ШҚ, Ақжайық ауданының «Сәбит» ШҚ асыл тұқымды малдардың өз өнімділігі және ұрпағының сапасы бойынша бағалау орталықтарын құрып жүргізуде. Биыл «Сәбит» шаруа қожалығының 4 асыл тұқымды өндіргіш бұқалары Нұр-Сұлтан қаласындағы «Асыл түлік» асыл тұқымды орталығына беріліп, олардан қолдан ұрықтандыруға алынатын тұқымдар республика көлеміне таратылған. Бұл – өңіріміз үшін үлкен жетістік. Ал салмағы бойынша 1300 келіден асатын қазақтың ақ бас тұқымды бұқалары "Айсұлу" шаруа қожалығында тіркелген. Бүгінде Үкімет тарапынан агроөнеркәсіп кешені саласының дамуын қаржыландыру көлемі жылма-жыл артып келеді. Мысалы, 2020 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 20,6 млрд.теңге қаржы бөлінген. Бұл 2019 жылғы көлемнен 30,4%-ға артық. Жыл басынан бері «ҚазАгро» ҰБХ» акционерлік қоғамының еншілес ұйымдарының облысымыздағы филиалдары арқылы 15,0 млрд.теңге несие ресурстары тартылып, саланың дамуына бағытталды. 2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыстың ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімі 167,7 млрд.теңгені құрайды.
Бұл күні бірқатар сала үздіктері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың қатарында Казталов ауданындағы "Береке" шаруа қожалығының жетекшісі Дина Кенжина, Бөрлі ауданындағы «Щербаков В.И» шаруа қожалығының жетекшісі Валерий Щербаков, Бөкей ордасы ауданындағы «Сисенгалиев Р.А.» шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Сисенғалиев, Қаратөбе ауданындағы «Ақбаз» шаруа қожалығының жетекшісі Есболат Бақыт және басқа еңбеккерлер бар. Сондай-ақ қарапайым еңбек адамдарына облыс әкімінің арнайы номинациясы мен алғысхаттар табыс етілді. Бөкей ордасы ауданы «Жоламан» шаруа қожалығының бақташысы Қамбат Елеусінов «Үздік бақташы» атанса, «Үздік қайта өңдеуші кәсіпорын» номинациясын «Высший сорт» ЖШС директоры Денис Кирилов иеленді. «Орал Жылыжай Комбинаты» ЖШС-нің директоры Алмат Забыхов «Ауыл шаруашылығы саласының үздік инвесторы», Тасқала ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Қамидолла Омаров «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» аталымына ие болды. Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz