
Бейсенбі күні облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен инвестициялар тарту бойынша кеңестің кезекті отырысы онлайн режімде өтті.
– Мұнай нарығында қара алтынның бағасы ауытқуына байланысты бізде мұнай-газ саласындағы инвестиция көлемі былтырмен салыстырғанда төмендеп барады. Сондықтан бұл саладан басқа салаларға инвестициялар тарту – біздің басты міндеттеріміздің бірі, - деп атап өтті өңір басшысы. Алдымен сөз алған «Aqjaiyq» ӘКК АҚ басқарма төрағасы Надир Құрымбаев ағымдағы жобалар бойынша баяндады.
Спикер «Broeikas Uralsk» ЖШС-ның 51 га аумақта салынатын жылыжай кешенінің, «АдалАрна Алматы» ЖШС-ның асфальт-бетон зауытының, «Westgroup» ЖШС-ның керамикалық кірпіш өндірісі жобасының құрылысы секілді 22 жобаның жүзеге асу барысымен таныстырды. Солардың арасында қонақүйлердің құрылысы да бар.
Облыс басшысы Оралда қонақүй құрылысының маңызы зор екенін атап өтті. «UralskOffice» ЖШС-ы Тұңғыш Президент алаңы мағыңында салып жатқан төрт жұлдызды қонақүйдің құрылысы келер жылдың соңына дейін аяқталуы керек. Ал «ПСП Серік» ЖШС Ақсай қаласындағы қонақүй кешенінің ішкі бөлу жұмысын жүргізуде. Оны 2021 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобаларды талқылаған кеңесте шаһар көшелеріне автобус аялдамаларын орнату жобасы та айтылды. Жыл соңына дейін екі жылы аялдама қою жоспарланған. Қалған 17 аялдаманы тез арада орнату үшін кәсіпкер табуды тапсырды.
– Қалаға метанмен жүретін автобус сатып аламыз. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің талабы бойынша барлық жаңа автобус метанмен жүруі керек. Қалада метан құятын жалғыз жанар-жағармай стансасы бар. Ол нысан жаңартылуы керек. Ал оның дайындығы болмаса, басқа инвестор іздеуіміз керек, - деп нақты тапсырма берді өңір басшысы.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің сөзінше, өңірде осы сала бойынша 25 млрд теңгеге 17 жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, Теректі ауданына қарасты Юбилейное ауылының маңында «Ringo Milk» ЖШС-ның құны 3,9 млрд теңге құрайтын сүт кешені жүзеге асуда. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылым жүргізіліп, кәсіпкер Киікбай Айдаралиев тиісті қаражатқа қол жеткізген. Қараша айының соңында қуаты жылына 7 тонна сүт өнімдерін өндіретін ферма құрылысы басталады. Келесі жылы пайдалануға берілу керек. Жобалардың арасындағы Теректі және Бәйтерек аудандарында көкөніс қоймаларын салудың маңызы зор. Өңір басшысы олардың көкөністі өңдеумен де айналысу қажеттігін баса айтты. Ауыл шаруашылығы саласында түрлі себептерге байланысты тоқтап қалған жобаларды іске асыру да қолға алынуда. Соның бірі – «Батыс Марка Ламб» ЖШС-ның ет өңдеу кешені.
- Басқарма басшысы айтып өткендей, тамыз айында кәсіпорынның қайта қалпына келтірілетіні жөнінде сот шешімі шыққан. Оған жұмысын қайта жаңғыртуға мүмкіндік беріп отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасы жаңа инвестор тауып, жыл соңына дейін ет өңдейтін кешен іске қосылуы керек. Аталмыш кәіпорынның тұрғындарға қарызы бар. Жаңа инвестор бұл мәселені тиісінше шешеді деген үміттеміз, - деді облыс әкімі. Сонымен бірге көптен айтылып келе жатқан «Кроун батыс» ЖШС-ының атауы «Янайкино» ЖШС болып өзгертіліп, қызметін қайта қолға алды.
Кеңесте облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанна Бекқалиева саладағы жобаларды баяндады. «Гидроприбор ҒЗИ» АҚ-ның катерлер шығару, «134» ЖШС-ның кірпіш зауыты құрылысы, «GlobalTradeandServices» ЖШС-ның жарық диодты прожекторлар шығару, «Green Spark Limited» ЖШС-ның күн панельдерін шығару секілді бірнеше жоба бар.
Облыс әкімі шалғайдағы ауылдарға жарық беруді күн панельдерін орнату арқылы шешу мәселесін қозғады. Өйткені шалғайдағы 30-50 үйі бар ауылдарға электр жарығын тарту қиын әрі шығын да көп кетеді. Сондықтан құзырлы мекеме басшыларына осы мәселені жан-жақты талқылап, күн панелін шығаратын кәсіпкермен сөйлесіп, шешімін табуды тапсырды. Кеңесте жеке мектептер мен колледждерге жатақханалар салуға бағытталған жобалар талқыланды.
Білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның сөзінше, Батыс Қазақстан индустриалды колледж студенттеріне «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ы салып жатқан 300 орындық жатақханадан орын бермек. Бұл құрылысты жылдың соңына дейін бітірмек. Орал политехникалық колледж студенттеріне 150 орындық жатақхананы мердігер «Болашақ» ЖШС-ы салуда. Білім беру басқармасы басшысының сөзінше, келер жылдың қыркүйегіне дейін аяқтау керек. Орал «Мақсат» медициналық колледжі үшін 50 орындық жатақхана құрылысы келесі жылға қалса, Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледж үшін «Хайрекешева» ЖК 140 орындық жатақхана салған. Енді 300 орындық жатақхана салу мәселесі қарастырылуда.
Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков айтып өткендей, студенттер жатақханаға айына 10-12 мың теңге айналасында ақы төлеуі мүмкін. Бұл коммуналдық шығындар үшін қажет. Шаһардағы пәтерде тұратын жастар айына шамамен 50-60 мың теңге төлейді. Ал жатақхана ішінде барлық жағдай жасалған болса, студенттер тұрудан бас тартпайды. Спорт алаңы, асханасы болу керек.
– Студенттер жатақханаға тұратын, тұрмайтынын өздері шешеді. Кәсіпкердің шығынының басым бөлігі бюджет қаражатынан жабылады. Алайда колледждерге жатақхана салып жатқан инвесторлар қалған қаражаттарын қалай қайтару жағын қазірден ойлауы керек. Студенттер ақы төлегесін, жатақхана жайы да барлық жағынан сайлы болғаны жөн. Пәтерге көп қаражат жұмсағаннан бұл тиімдірек. Құзырлы басқарма басшылары колледж және университеттерге жатақхана керек десе, инвестор іздеулері қажет, - деді өңір басшысы.
Жобаларды талқылаған кеңесте жеке инвесторлар есебінен салынып жатқан №52 және №31 мектеп ғимараттарының жобалары да айтылды. Олардың құрылысы тиісті деңгейде қадағаланып жатпағанын сынаған өңір басшысы аталған нысандарды келер жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz