
Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Құқықтық мәдениет» апталығы ұйымдастырылды. Апталықтың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың заңға деген құрметін арттыру, құқықтық сауаттылығын дамыту және құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады.
Іс-шаралар аудан бойынша 20 жалпы орта білім беретін мектепте өткізілді. Апталық барысында ашық сабақтар, пікірталастар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, оқушыларға заң талаптарын сақтау мен азаматтық жауапкершіліктің маңызы түсіндірілді.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері оқушылармен кездесу өткізіп, өз қызметтерінің ерекшеліктері, құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары және кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі туралы жан-жақты ақпарат берді. Кездесу барысында балалар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, олардың қоғамдағы өз орнын дұрыс түсінуіне ықпал етеді. Құқықтық сауаттылығы жоғары ұрпақ – елдің тұрақтылығы мен дамуының кепілі.