
Облыстағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда, 2,4%-ға өсіп, 1,2 триллион теңгені құрады. Бұл өсім тау-кен өнеркәсібі өнімі көлемінің 471 миллиард теңгеге және өңдеу өнеркәсібі өнімінің 1,7 миллиард теңгеге өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Бұл туралы сәрсенбіде облыс әкімі Ғали Есқалиев облыстық мәслихат депутаттарына 2020 жылдың 8 айындағы БҚО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша есебінде
баяндады.
Өңдеу өнеркәсібінің екі саласында металлургия (15,1%) және машина жасау (7,9%) бойынша өнім көрсеткішінің төмендеуі байқалады. Оған коронавирус салдарынан ресейлік кәсіпорындардың біздің өнімді сатып алу көлемінің уақытша төмендеуі себеп болды. Соған қарамастан дайын металл өнімдері, құрылыс индустриясы, тамақ өнімдері, мұнай өңдеу, химия өнеркәсібі, резеңке және пластмасса өнімдері өндірісі өсім көрсетті. Өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 2020 жылдың бірінші тоқсанында 0,5%-ға өсті.
– Елбасы тапсырмасына сәйкес, өңірдегі зауыттар жүктемесін оңтайландыру мәселесі ешілді.
Осылайша «Зенит» Орал зауыты АҚ, «БҚМК» АҚ және «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институты» АҚ жалпы сомасы 10 миллиард теңгеге мемлекеттік қорғаныс тапсырысын алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында атап өткендей, мұнай дәуренінің аяқталуы жақын. Қазақстанның батыс аймақтары мұнай-химия кешендерін салуға және жоғары сападағы жаңа өндіріс әлеуетін жасақтауға инвестиция тартуы керек.
Аймақ үшін бұл мәселе өте өзекті. Өйткені тау-кен өнеркәсібі ЖІӨ құрылымында негізінен мұнай мен газ өндірісінің үлесі 40%-дан асты. Бұл бағытта ауқымды жобаларды жүзеге асыруға облыс әлеуеті жетеді. Болашақта газхимия саласы аймақтағы экономикалық өсудің драйверіне айналуы керек. Биыл «Жайықпетролиум» ЖШС метанол өндірісі үшін газ-химия кешенін салу жобасын бастады, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Ауыл шаруашылығына
17 миллиард Облыс әкімінің баяндауынша, соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылмай келген 907 мың гектар жер анықталып, мемлекетке 113 мың гектар жер қайтарылды. 33 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді. Жер пайдаланушылар анықталған жерлердің 50%-ын, яғни жалпы көлемі 451 мың гектар болатын өз учаскелерін қайта игере бастады.
Биылғы 8 айда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3,3%-ға өсіп, 105,5 миллиард теңгені құрады. Өсімдік шаруашылығы өнімі 7,4%-ға, мал шаруашылығы өнімі 2,2%-ға артқан. Инвестиция 2,5 есе өсіп, 13,4 млрд теңгені құрады.
2020 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға бюджеттен 17 млрд теңге бөлінді. Облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 548 мың гектарға жетті. Бұл былтырғы көрсеткіштен 25 мың гектарға немесе 4,8%-ға артық. Дәнді дақылдардың 228
мың гектары орылып, 260 мың тонна өнім алынды. Бұл өткен жылғы өнім көлемінен 18 мың тоннаға немесе 7,4%-ға артық. Орташа өнімділік гектарға 10,3 центнерден 11,4 центнерге өсіп отыр. Өсім негізінен күздік дәнді дақылдар өнімінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Әр гектардан 21,2 центнер орташа өнімділікпен 170 мың тонна өнім алынды.
Ал «Матевосян», «Агрофирма Жарас» және «Агросервис Батыс» секілді қожалықтар гектарына 40-45 центнер орташа өнімділікке қол жеткізді.
Облыс бойынша 66 мың тонна майлы дақылдар, 38 мың тонна картоп, 36 мың тонна көкөніс және 23 мың тонна бақша өнімдері алынды.
– Биылғы 8 ай ішінде ірі қара мал – 7,1%-ға, жылқы – 13,9%-ға, қой – 1,5%-ға, ешкі – 5,3%-ға, түйе – 1,8%-ға көбейді. Жалпы, ірі қараның саны бойынша біздің облыс республикада төртінші орында. Ал етті бағыттағы ірі қара малын өсіру бойынша облысымыз
алдыңғы қатарда. Негізінен өңірде етті бағыттағы мал өсірілуде.
Ірі қараны тұқымдық түрлендіруге 162,3 мың аналық мал тартылды. Яғни жалпы аналық мал
басының 55,5%-ы қамтылып отыр.
Осы тұрғыда республика бойынша ең жоғары көрсеткішке иеміз, – деді Ғали Есқалиев.
Тұқымдық түрлендіру жергілікті тауарлы малдың сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беруде. Мәселен, ірі қара малдың орташа тірілей салмағы соңғы үш
жылда 336 килограмнан 345 килограмға дейін өсті. Малдың көбеюіне мемлекеттік бағдарламалар ықпалын тигізуде. Жыл басынан бері облысымызға 1109 ірі қара
импортталды. Импортталған асыл тұқымды малдың 41,6%-ы – абердин-ангус, 41,1%-ы – герефорд, 17,3%-ы – қазақтың ақ бас және әулиекөл тұқымы.
Күні бүгінге асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын 338 асыл тұқымды репродуктор шаруашылық тіркелген. 274 шаруашылық – асыл тұқымды ірі қара мал (52,8 мың), 32 шаруашылық –асыл тұқымды қой (28,9 мың), 31 шаруашылық – асыл тұқымды
жылқы (9,9 мың) және 1 шаруашылық – түйе (265) өсірумен шұғылданады. Асыл тұқымды ірі қара мал өсіру бойынша республикада БҚО алдыңғы қатарға шығып отыр (3-орын).
Инвесторлар 18 жобағақолдау көрсетуде
Инвестиция тартуға облыс әкімдігі басты басымдық беріп келеді. Биылғы 8 айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 291 млрд теңгені құрады.
Пандемияға байланысты елдегі барлық шектеуге қарамастан, инвестиция тарту жұмысы жалғасуда. Биыл инвесторлар кеңесінде 900-ден астам тұрақты жұмыс орнын құрайтын, жалпы құны 46 миллиард теңге болатын 18 жобаға қолдау көрсету мақұлданды. Төрт жоба бойынша құрылыс жұмысы басталды.
Маусымда «Бизнес үшін үкімет» жобасы басталды. Жоба аясында бизнесті ашу және қолдау
үшін 50-ден астам мемлекеттік қызмет түрі ұсынылды. Инвесторлар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы байланысты және «Бір терезе» қағидаты бойынша функцияларды қамтамасыз ететін invest07.gov.kz негізінде онлайн-платформа құрылды.
Инвесторлар қолдауымен биыл екі жоба жанданды. «Орал құс фабрикасы» ЖШС жылына 18 млн жұмыртқа өндіретін жаңа цех ашты. «Орал жылыжай комбинаты» ЖШС голландиялық технология бойынша 5 гектар жылыжай кешенін іске қосты. Бұл кешен жылына 3 мың тонна көкөніс шығармақ. «Кәсіпкерлікті қолдау» картасы аясында жыл соңына дейін 7 миллиардтан астам теңгеге 300-ден астам жұмыс орны құрылатын бес жоба іске қосылады. Яғни «Орал
трансформатор зауыты» ЖШС қуаттылығы 35-500 кВ трансформаторға арналған панельді радиатор, «Грин Спарк Лимитед» ЖШС күн батареяларын, «Intelligent Provective System» ЖШС жеке газ анализаторларын шығаруды жоспарлауда. «Квант» ЖШС жиһаз фабрикасының құрылысын бастамақ. «Кублей» ЖШС терілерді өңдеу дүкенін ашпақ.
Шығын азайып, кіріс көбеюде
Облыстағы шағын және орта бизнес субъектілері 2,2%-ға артып, 43 мыңға жетті. Бұл салада 105 мың адам қызмет етуде.
«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 191 кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, 270 жұмыс орны құрылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 14 миллиард теңгеге 208 жоба қаржыландырылды. Мемлекет жыл санап кәсіпкерлерді қолдау аясын кеңейтуде. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жылға арнайы салық режімдерінде жұмыс жасайтын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері салық төлеуден босатылады. Биылдан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге үш жылдық мораторий енгізілді. Осындай шаралар нәтижесінде облыста 12 мыңнан астам
компания шамамен 6 миллиард теңге үнемдеді.
– Облыс бюджетінің шығындарын оңтайландыру және кәсіпкерлерге қолдау жасау мақсатында коммуналдық нысандарды сенімгерлік басқаруға беру жұмысы жалғасуда. Соның нәтижесінде қысқы спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт
мектебі мен №4 қалалық емхана сияқты шығынға батып отыратын кәсіпорындар пайда әкелетін ұйымға айналды. Ал «Ақжайық» стадионының сенімгерлік басқарушысы футбол алаңын жасанды жабынмен қамтамасыз етті. Сенімгерлік басқару арқасында жеке
сектор аясында кәсіпкерлеріміз берілген мүлікті тиімді пайдаланып әрі одан пайда тауып, салық төлеумен қатар, жұмыс орындарын қысқартпай, сақтап отырғанын көрсетеді.
Биыл «Жастар» стадионы мен «Сервис және жаңа технологиялар» колледжі кейін сатып алу құқығынсыз 10 жыл сенімгерлік басқару үшін жеке тұлғаға берілді.
Аталған нысандар бойынша күні бүгінге экономикалық тиімділік, шамамен, 40 млн теңгені құрады.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді өткізу мақсатында «Ел ырысы» базарын көтерме-тарату орталығы ретінде жұмыс істеуі үшін жеке инвесторларға бердік. Инвестор аталған базарды жандандыруға өз қаражатынан
500 миилион теңге бөлуге ниет білдірді. Базарда 15 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қала аумағында тағы да екі көтерме-тарату орталығы ашылады, – деді өңір жетекшісі Ғали Есқалиев облыстық мәслихаттың кезекті 38-сессиясында.
33 білім нысаны күрделі жөнделуде
Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында 28,8 миллиард теңге бөлініп, көппәтерлі 21 тұрғын үйдің (3157 пәтер) және ауылдарда 139 тұрғын үйдің (474 пәтер) құрылысы жүргізілді.
Оның ішінде Оралда көппәтерлі 2 тұрғын үй (297 пәтер) және Сырым ауданында 1 үй (Жымпиты елді мекені 36 пәтер) пайдалануға берілді. Жыл басынан бері 8 ай ішінде 2245 пәтер берілді. «Жыл соңында бюджет есебінен 1706 пәтерді үй кезегінде тұрғандарға және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына жалға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп», – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Биыл өңір жұртшылығын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге 900 миллион теңге бөлінген.
Газ құбыры желісі тұрғындардың 96,7%-ын қамтиды. Облыстағы елді мекендердің артысынан астамы ғана орталықтандырылған ауыз су желісімен қамтылған.
Биыл 34 мың адам тұратын 32 ауылға ауыз су жеткізу үшін 7,7 млрд теңге бөлінген.
2020 жылы 434,2 шақырым жолды жөндеуге 37,3 млрд теңге қаражат қарастырылды. Яғни 7,1 млрд теңгеге – республикалық маңызы бар 103,7 км жол, 12 млрд теңгеге – жергілікті маңызы бар 167,8 км жолды жөндеуге, 18,2 млрд теңге – 162,7 шақырым көше-жол желісіне бағытталған. 21 қыркүйектегі жағдай бойынша 279 км жол жөнделді. Ауылішілік жолдардың 100 шақырымын жөндеуге 13 млрд теңге бөлінді. Орал қаласында 9,3 млрд теңгеге 55 көше
бойынша 61 шақырым жол жөндеу жоспарланған. 5,2 млрд теңгеге «Нефтебаза» ауданындағы көпірді жаңғырту аяқталды.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев білім саласындағы құрылыс жұмысы туралы да баяндады. «2020
жылдың басында үш ауысымдық жеті және апаттық жағдайдағы жеті мектеп есепке алынды. Биыл бес мектепте үш ауысыммен оқу мәселесі шешіледі. Келесі жылы қалған екі мектепке қатысты мәселені шешеміз. Осы мақсатта 450 орындық мектеп пайдалануға беріліп, оған эстетикалық бағыттағы гимназия көшірілді. Жаңа құрылыс есебінен апатты жағдайдағы екі мектеп мәселесі шешіледі. Облыс бойынша 8 млрд теңге қаражатқа 6 мектептің құрылысы жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында биылғы жылы 4,5 млрд теңгеге Орал
қаласы мен барлық аудандардың 33 білім беру мекемелері күрделі жөндеуден өтуде», – деді Ғали Есқалиев.
Жаңа аурухана салынуда
Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында облыс әкімі Ғали Есқалиев коронавирустың тарауына байланысты өңірдегі ахуал тұрақталғанын хабарлады.
– Бүгінге дейін облыс бойынша коронавирус індетін жұқтырғандар саны 6860 адамды құраса,
оның 98,3%-ы емделіп шықты. Індет кесірінен 109 адам қаза болды. Алдағы күтілетін пандемияның жаңа толқынына дайындалу мақсатында медициналық ұйымдарда, көтерме қоймалар мен дәріханаларда вирустық инфекцияларға қарсы препараттардың екі
айлық қоры жасақталды. Сонымен бірге облыс тұрғындарын дәрілік заттар және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету үшін арнайы тұрақтандыру қорын құрдық. Күні бүгінге дәрілік заттарды сатып алуға 100 млн теңге бөлінді. Орал қаласында 200 орынға арналған модульді инфекциялық аурухананың құрылысы басталды. Жылдың аяғына дейін аурухана пайдалануға беріледі, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
10 мектептің атауықазақшаланбақ
Сессия отырысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Облыстық денсаулық
сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов амбулаторлық емдеу бойынша науқастарға қосымша дәрілік заттарды тегін және жеңілдікпен беруді қарастыру маңызды екенін айтты. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы бастығының міндетін атқарушы Света Ғаниева білім беру ұйымдарын қайта атау мәселесін көтерді. Қазақстан Республикасы
Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына «Батыс Қазақстан облысының кейбір білім беру ұйымдарына атау беру және қайта атау туралы» бірлескен қаулы және шешім жобасы ұсынылмақ.
– Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 27 қыркүйектегі №19-32-20.357 тапсырмасына сәйкес, ономастикалық атауларды
ретке келтіру және идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ұлттық танымға жақын атаулармен ауыстыру жүзеге асырылуда. Яғни «Дариян мектеп-гимназия-интернат» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатына Абай Құнанбайұлының есімін беру, Бәйтерек ауданындағы Трекин жалпы орта білім беретін қазақ мектебін «Қадыр Мырза Әли атындағы жалпы орта білім беретін қазақ мектеп», Первосоветск жалпы орта білім беретін мектебін «Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп», Щапов ауылындағы мектепті «Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта білім беретін мектеп», Батурин жалпы орта білім беретін мектебін «Талғат Бигелдинов атындағы жалпы
орта білім беретін мектеп», Новенький жалпы орта білім беретін мектебін «Қасым Қайсенов
атындағы жалпы орта білім беретін мектеп», Ульянов жалпы орта білім беретін мектебін «Ілияс Есенберлин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп» деп қайта атау ұсынылып отыр. Шыңғырлау ауданындағы Белогор негізгі орта білім беретін мектебін «Ақтау
негізгі орта білім беретін мектебі», Полтава негізгі орта білім беретін мектеп-балабақшасын «Ардақ негізгі орта білім беретін мектеп-балабақшасы» деп қайта атау қажет. Бұл жұмыстар жергілікті бюджеттен қосымша қаражатты қажет етпейді, – деді Света Ғаниева.
Сессияның қаулы-қарарын мәслихат депутаттары мақұлдады.
Ұлттық идеологияны жандандыруға пәрмен беріп отырған Президент тапсырмасы ауқымында он мектеп атауы қазақшаланбақ.
Республикалық ономастика комиссиясы тарапынан шешім жобасы қолдау тапса, қазақтың ұлы тұлғаларының есімі білім ордаларында айшықтала түседі.