Құрметті ұстаздар қауымы, педагогика саласының ардагерлері!

Құрметті ұстаздар қауымы, педагогика саласының ардагерлері!

Сіздерді Мұғалімдер күнімен құттықтаймын! Кәсіби мерекелеріңіз барша халыққа ортақ мейрам болып табылады. Өйткені, шәкірт болған әр адамның жүрегінде өзінің сүйікті ұстазына, тәлімгеріне деген ерекше махаббат өмір бойы сақталып қалары сөзсіз.

Педагогикалық шеберлік қашанда шексіз құрметке ие. Сіздер әр баланы тәртіпті, бауырмал, елгезек болуға үйретіп, еркін ойлауға, шығармашылықты дамытуға, ғылыми ізденістерге қанаттандырып, үнемі алға қарай нық қадам басуға баулып, өзіңізді дамыту бағытында еңбектеніп келесіздер.

Өмірдің өзі педагогтарға жоғары талаптар қоюда. Заманауи мұғалім тек кәсіби тұрғыдан сауатты болып қоймай, соңғы үлгідегі оқыту құралдарын  пайдалануды, жаңа оқу әдістемесін де игере білуі қажет.

Мұғалім мамандығының негізінде шығармашылықтың қайнар көзі жатыр. Міне, сол арқылы педагогтар шәкірттерімен бірге әлемді танып-білуге мүмкіндік алары анық.

Мұғалімдер күні - әрбіріміз үшін ерекше күн. Себебі болашаққа сенімді қадам жасауға, мақсатымызды айқындауға ұйытқы болған, адамгершілік, Отанға деген махаббат, қайырымдылық, ақиқат турасында өмірілік сабақ берген тәлімгерлерімізге ең ізгі ниет-тілектерімізді білдіріп, алғыс айтатын осы күн.

Ешқашан ұстаз жүрегінде мейірім мен даналық сарқылмасын, өз ісіне деген адалдық оты өшпесін.

Құрметті ұстаздар, сіздерге денсаулық пен бақыт, сабырлық пен сенім, қиындығы мол маңызды қызметтеріңізге толағай табыстар тілеймін!