ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) үшін жер учаскелерін алуға кезекте тұрғандардың бірыңғай тізілімі әзірленді. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ЖТҚ-ға жер учаскесін алуға кезекке қою процесін автоматтандыру мәселесін пысықтады. Жаңа жүйенің арқасында бұдан бұрын кезекке тұрған және жаңадан кезекке тұратын азаматтар eGov.kz-те өтініштерінің жылжу барысын өз бетінше бақылап, берілген деректерін өзектендіре алады. Осылайша, әрбір қазақстандық алуы тиіс 10 сотық жерді алу процесі барынша ашық болады. Ал автоматизация арқасында бұл процеске 5 минут қана жұмсалады. Қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталына кіріп, «Жылжымайтын мүлік» – «Жер қатынастары» бөлімінен «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру» қызметін таңдау қажет. Әрі қарай өтініш түрін таңдау керек. Бүгінде порталда өтініштің үш түрі бар: • кезекке қою; • деректерді өзектендіру; • кезектен шығару. Егер сіз жер учаскесін алу үшін кезекке алғаш рет өтініш білдіріп тұрсаңыз, онда өзіңіз жер алуды қалайтын аймақты таңдайсыз. Егер сіз бұдан бұрын жер кезегіне тұрған болсаңыз, бірақ ол туралы ақпарат таппасаңыз, онда «Өзектендіру» өтініш түрін таңдауыңыз қажет. Кезек алғаныңызды растау үшін қолыңызда бар құжатты (талонның скан-нұсқасы, өтініштің, жеке куәліктің және т.б. көшірмелері) жүктеу қажет. Сондай-ақ кезек ретін www.map.gov4c.kz/egkn/ сайтында ЭЦҚ арқылы авторизациядан өтіп, бақылап отыруға болады. Егер сіз бұдан бұрын алған жер кезегіңізден бас тартқыңыз келсе, ол үшін «Шығару» өтініш түрін таңдауыңыз қажет. Егер азамат бұдан бұрын мемлекеттен тегін жер телімін алған болса жер кезегіне өтініш бере алмайды. Бос учаскелерді беру жөніндегі шешімді әкімдіктер қабылдайды. Учаскелер алаңдардың дайын болуына қарай немесе елдімекеннің бас жоспарына сәйкес, бос аумақтар болған жағдайда берілетін болады. Егер бұрын бір өңірде жер теліміне кезекке тұрған болсаңыз, ал қазір өзге аймақтан жер алуға ниеттенсеңіз, 10 сотыққа кезек реті ертерек келген өңірден жер бір рет қана берілетінін, қалған өтініштердің күші жойылатынын ескеру қажет. Ескерген жөн Бүгінгі күні мемлекеттен жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесін алмаған, алайда eGov.kz порталында «жер учаскесі табысталған» статусы шығып, кезекке тұра алмаған азаматтардан шағымдар түсуде. Бұл ретте, жер учаскесін алған азаматтар бойынша тізім Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі базасы арқылы қалыптастырылғанын ескерген жөн, қазіргі таңда нысаналы мақсаттары бойынша аталған тізімдер жаңартылуда (жеке қосалқы шаруашылығы, гараж, дүкен, ауыл шаруашылығы т.б. мақсаттар бойынша алынған жер учаскелері жойылуда). Осыған байланысты, егер Сіз жеке тұрғын үй құрылысына мемлекеттен жер учаскесін алмаған болсаңыз, алайда порталда «жер учаскесі табысталған» статусы шықса, базаның жаңартылуын күтуіңіз сұралады.