
Қазақстанда «Бөкейорда» және «Ащыөзек табиғат қорығы» табиғи резерваттары құрылады. Бұл туралы Ақорда сайтындағы хабарламадан белгілі болды.
Мемлекет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады.
Президентке киіктерді қорғау үшін қабылданған шаралар мен олардың санын анықтау мақсатында жүргізілген санақтың қорытындылары жөнінде ақпарат берілді. Салалық ведомствоның мәліметі бойынша браконьерлікке қарсы тиімді жүргізілген күрестің және заңнаманың қатаңдатылуының арқасында соңғы 2 жыл ішінде киіктердің саны 334 мыңнан 842 мыңға дейін көбейген.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мағзұм Мырзағалиев Батыс Қазақстан облысына барып, сарапшылармен, ғалымдармен, жергілікті фермерлермен және әкімдікпен бірлесе отырып, киіктің жайылым өрісін анықтау мәселелерін кешенді түрде қарастырған. Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы 657 мың гектар аумақты құрайтын «Бөкейорда» және «Ащыөзек табиғат қорығы» табиғи резерваттарын құру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім Орал өңіріндегі киіктердің Жайық өзенінің сол жағалауына өріс ауыстыруына мүмкіндік береді.", - делінген хабарламада.