
Бизнес ахуалды жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының жер заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Ағымдағы жылы 29 маусымда жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту процесін оңтайландыруды көздейтін заң қабылданды. Енді заңға сәйкес жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге өтінішті қарау мерзімі күнтізбелік 30 күннен 13 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Сондай-ақ, жер учаскесін берудің жалпы тәртібі оңтайландырылды, сауда-саттық арқылы іске асырылатын жер учаскесін беру процесінде жергілікті атқарушы органдардың шешім қабылдау қажеттілігі жойылды, жер учаскелерін алуға өтініштерді қараудың жалпы мерзімдері 2 айдан 15 жұмыс күніне дейін, оның ішінде мыналардың есебінен қысқартылды:
1) жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігі туралы сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті органның қорытындысын дайындау мерзімін 3 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне дейін қысқарту (49-1-б. 5-т.);
2) келісу органдарының нысаналы мақсатын өзгертуді келісу мерзімдерін қысқартуы 5 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін қысқарту (49-1-б. 6-т.);
3) сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті органның нысаналы мақсаты өзгерген кезде жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы ұсынысын дайындау мерзімін 3 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне дейін қысқарту (49-1-б. 7-т.);
4) сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті органның жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы жергілікті атқарушы органның шешімін дайындау мерзімін жер комиссиясының оң қорытындысы түскен сәттен бастап 3 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне дейін қысқарту (49-1-б. 10-т.);
5) жергілікті атқарушы органның жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім қабылдау мерзімін жер комиссиясының оң қорытындысы түскен сәттен бастап 5 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін қысқарту (49-1-б. 11-т.).
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын әзірледі. Аталған заң жобасы жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкалары және оларға түзету коэффициенттері, сондай-ақ кадастрлық (бағалау) құны туралы ақпаратты жария кадастрлық картаға міндетті орналастыруды көздейді. Жер кодексіне жария кадастрлық карта, жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесі, өңірлік геоақпараттық жүйе сияқты жаңа ұғымдар енгізілетін болады. Аталған ұғымдар азаматтар мен бизнестің жылжымайтын мүлік туралы ақпаратқа ашықтығын және толық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының 32-тармағын іске асыруға байланысты кодекске енгізілуде. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесін, ал жергілікті атқарушы органдар өңірлік геоақпараттық жүйелерді әзірлейді. Бұл өзгерістер бизнес-процестерді электрондық форматқа көшіруге, мүдделі жергілікті мемлекеттік органдар (сәулет, ТКШ, жер қатынастары және табиғи монополиялар субъектілері) арасындағы келісуді қысқартуға мүмкіндік береді, жер учаскесін беру туралы шешім қабылдау процесін жеделдетеді және жеңілдетеді.
Заңда бұл өзгерістер 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді деп көзделген.