Жер заңнамасы жердi қорғау және ұтымды пайдалану, жердi нысаналы пайдалану және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердiң басымдығы принциптерiне негiзделедi (ҚР-ның Жер кодексінің 4-бабы).
Өз кезегінде, ҚР-ның Жер кодексінің талаптарына сәйкес жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жердi оның нысаналы мақсатына сәйкес, уақытша жер пайдалану кезiнде – оның ішінде, жалдау шартына (уақытша өтеусiз жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға; ҚР-ның Жер кодексінің 140-бабында көзделген жердi қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруға; топырақтың ластануына, қоқыстануына, тозуына және оның құнарлылығының нашарлауына, сондай-ақ топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алу құнарлы қабаттың бiржола жоғалуын болғызбау үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, басқа тұлғаларға сату немесе беру мақсатымен оны сыдырып алуға жол бермеуге және т.б. міндетті.
Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен учаскенiң жер пайдаланушыларына, егер ҚР-ның Жер кодексінде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiне ауыртпалықтар салатын барлық мiндеттер (оны мақсаты бойынша пайдалану, сервитуттар беру, салықтар мен өзге де мiндеттi төлемдер төлеу және басқалар) жүктеледi.
Жер учаскесiн пайдаланудың нысаналы мақсаты мен режимiн, сервитуттар мен нормативтiк құқықтық актiлер негiзiнде белгiленген басқа да пайдалану талаптарын жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының өз бетiнше өзгертуiне болмайды.
Сонымен қатар, жер заңнамасы саласындағы өрескел бұзушылықтардың бірі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымсыз пайдалану немесе пайдаланбау болып табылады.
Өрескел бұзушылықтар бұл – жер учаскелерінің меншік иелері немесе (және) жер пайдаланушылардың жерге мемлекеттің мүдделерін сақтамауына, жерді нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбауына және оны одан әрі пайдалану үшін жарамды күйге келтіру бойынша міндеттерді орындамауына байланысты туындаған, жер құқығы қатынастары саласындағы нормативтік құқықтық актілерде белгіленген бұзушылықтар.
ҚР-ның Жер кодексіне сәйкес ауыл шаруашылығының қажеттерi үшiн берiлген немесе осы мақсаттарға арналған жер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер деп танылады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құрамына ауыл шаруашылығы алқаптары мен ауыл шаруашылығының жұмыс iстеуiне қажеттi iшкi шаруашылық жолдары, коммуникациялар, тұйық су айдындары, мелиорациялық жүйе, қора-жайлар мен ғимараттар орналасқан жер, сондай-ақ басқа да алқаптар (сор, құм, тақыр және ауыл шаруашылығы алқаптарының алабына қосылған басқа да алқаптар) жатқызылады.
Ауыл шаруашылығы алқаптары айрықша қорғалуға жатады. Бұл жерлерді ауыл шаруашылығы өндірісіне байланысты емес мақсаттарға пайдалануға ерекше жағдайларда жол беріледі (ҚР-ның Жер кодексінің 90-бабы).
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер Қазақстан Республикасының жеке тұлғаларына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларына шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргізу, орман өсiру, ғылыми-зерттеу, тәжiрибе жүргізу және оқыту мақсаттарында, қосалқы ауыл шаруашылығын, бау-бақша шаруашылығын және мал шаруашылығын жүргiзу үшiн жер пайдалануға беріледі.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 338-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымсыз пайдалану немесе пайдаланбау –
ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – қырық, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жетпіс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғатынын атап өткен жөн.
Іс жүзінде, жер заңнамасының талаптарын бұза отырып, жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскелерін алғаннан кейін жерді мақсатқа сай пайдаланбайды.
Заң талаптарына сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап қатарынан екі жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайларда, мұндай жер учаскесi ҚР-ның Жер кодексінің 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскесін мақсаты бойынша пайдаланбау жағдайларына:
1) егістікте – жер учаскесін ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін өңдеу жөніндегі жұмыстардың жүргізілмеуі;
2) шабындықтарда – жер учаскесінде шөп шабудың жүргізілмеуі, оны арамшөптердің, бұталардың, шіліктердің басып кетуі және шөп бітіктігі жұтаңдануының өзге де белгілерінің болуы;
3) жайылымдарда – жаю үшін ауыл шаруашылығы жануарларының болмауы не олардың саны агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган белгілеген жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасының жиырма пайызынан аз болуы және (немесе) жемшөп дайындау мақсатында шөп шабудың болмауы;
4) көпжылдық екпелерде – егісті күтіп өсіру, жинау жұмыстарының жүргізілмеуі және есептен шығарылған көпжылдық екпелердің тамырларының алынбауы жатады.
Пайдаланылмайтын жер учаскелері арамшөптермен толып кететінін, олар көрші пайдаланылатын жер учаскелеріне ұшып, тұқымдарды жайып, болашақ егінге зиян келтіретінін, сондай-ақ пайдаланылмай жатқан жайылымдар бос жатады және игерілмейді, ал көрші жер пайдаланушыларға мал жаю үшін жайылымдық жерлер жетіспейтінін айта кеткен жөн. Бұл жағдай өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізеді және оның дамуын тежейді. Бұдан басқа, нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын және ауыл шаруашылығы айналымына енгізілмеген ауыл шаруашылығы жерлері өрт қаупі кезеңінде ерекше қауіп төндіреді. Өрттің пайда болуының басты себептерінің бірі құрғақ шөптің жануы салдарынан жанатын аумақтардан оттың таралуы және ауылшаруашылық алқаптарында құрғақ сабанды жағу болып табылады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымсыз пайдалану немесе пайдаланбауды алдын алу үшін ҚР-ның азаматтары мен заңды тұлғалары осы заңсыз әрекеттер мен әрекетсіздіктер қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіну қажет.
Ескерту. Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 8 сәуірдегі №299 «2020 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджет туралы» Жарлығына сәйкес 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын қолдану үшін айлық есептік көрсеткіш 2 778 теңгені құрайды.
Мұрадым ТІЛЕПОВ
Батыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасының бас маман-заңгері