Су шаруашылығы
Облыс аумағында 39 су қоймасы, 6 тоған, 1 бөгет, 4 су торабынан тұратын 50 гидротехникалық құрылыс есепке алынған, оның шінде республикалық меншікте – 19, коммуналдық – 28, жеке меншіктегісі 3.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің «Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының иесі немесе пайдаланушы тұлға 25 жылдан артық пайдалануда болған су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын, олардың жай-күйіне қарамастан, жыл сайын көп факторлы тексеруден өткізеді. 25 жылға дейін пайдалануда болған су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары олардың жай-күйіне қарамастан, 5 жылда бір рет көп факторлы тексеруден өткізуге міндетті.
2023 жылы 4 су қоймасына көпфакторлы зерттеу жұмыстары жүргізілді (Теректі ауданы Барбастау өзені Кемер ауылындағы, Жаңа өмір ауылындағы, Покатиловка ауылындағы су қоймалары, Жәнібек ауданы Жасқайрат су қоймасына).
Гидротехникалық құрылымдарға жүргізілген көзбен шолу және көпфакторлы зерттеу жұмыстары негізінде коммуналдық меншіктегі жалпы саны 15 су қоймасы қанағаттанарлықсыз жағдайда екені анықталып отыр.
Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 11 су қоймасына көпфакторлы зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 85,7 млн.теңге бөлінді.
2023 жылы 9 су объектісінде су қорғау аймақтары мен белдеулері белгіленді (Ембулатовка (82 км), Өлеңті (229 км), Қалдығайты өзендері ( 219 км), Бағырлай (67 км) және Қарасу (25 км) жыралары).
Облыс аумағындағы су нысандарының су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекаралары облыс әкімдігінің 2017 жылғы 24 ақпандағы № 52 қаулысымен бекітілген.
2024 жылы су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерін айқындау үшін 42,7 млн.теңге бөлінді, қазіргі уақытта 5 объект бойынша келісімшарт жасалды (Грачи өзені-1 (15 км), Грачи-2 (15 км), Шолақ-Анқаты (64 км), Ащыөзек (258 км), Дөңгелек су қоймасы).
Жайықтың оң жағалауын суландыруға бағытталған Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесі арқылы Жайықтан 607 млн.текше метр су алуға рұқсат рәсімделген, ал 2022 жылы – 239, 2023 жылы 519 млн. м3 су алынды.
Осы ретте 2023 жылы Жайықтан су алу көлемін арттыру мақсатында Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінің Шаған арнасы (46,8 км) мен Көшім каналын (22 км) механикалық тазалау жұмыстары басталды (жоба құны 2,6 млрд теңге, 2023 жылы 500 млн. теңге бөлінді). Сонымен қатар, Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне жинақталатын су көлемін арттыру мақсатында «Киров су қоймасын реконструкциялау» жобасы жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы жобаны аяқтау жоспарлануда (жоба құны 2,4 млрд. теңге, құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталды).
Облыстың оңтүстік-батыс аудандарының негізгі су көзі Қараөзен мен Сарыөзен, Жәнібек суару-суландыру жүйесі арқылы келетін Еділ суы.
Облыстың Еділ суына жыл сайынғы жалпы қажеттілігі 209,0 млн.текше метрді құрайды (Қараөзен мен Сарыөзенге – 181,0 млн.текше метр, Жәнібек суару-суландыру жүйесіне – 28,0 млн.текше метр).
2023 жылы еділ суын тасымалдау шығындарын өтеуге республикалық бюджеттен 6,3 млрд.теңге бөлінді, оның ішінде Қараөзен мен Сарыөзенге – 5,2 млрд.теңге, Жәнібек суару-суландыру жүйесіне – 1,1 млрд.теңге.
2023 жылы Сарыөзенге 79,1 млн. м3, Қараөзенге 86,8 млн. м3, Жәнібек ССЖ – на-30,0 млн. м3 еділ суы алынды.
Қазіргі уақытта суға тәуелділікті азайту, Жайық өзені суын оңтүстік-батыс аудандарға бассейнаралық су жіберу үшін «Киров-Шежін каналын қайта жаңғырту, IV кезең» жобасы аяқталды, жоба шеңберінде Жайық өзенінде қалқымалы сорғы станциясы салынды.
Жобаны іске асыру 130 мың га алқаптағы табиғи жайылымдарды суландыруды қамтамасыз етіп, санитарлық-экологиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізеді.
«Киров-Шежін» каналын қайта жаңғырту жобасының аяқталуы қарсаңында суды бассейнаралық жіберу жобасын қисынды аяқтау, яғни болашақта Жайықтан Қараөзенге берілетін суды және көктемгі мерзімде тасқын суды жинақтау үшін Казталов ауданы Жалпақтал ауылынан жоғары сыйымдылығы 28 млн текше метрді құрайтын су қоймасы құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды.
Жобаның іске асуы 12 мыңнан астам тұрғылықты халықты кепілді сумен қамтуға, Еділ суын тасымалдауға жұмсалатын республикалық бюджет шығынын 30% төмендетуге, көлтабандап суарылатын 20 мың га дейінгі аумақты және табиғи шабындықтарды суландыруға, тасқын суды апатсыз өткізуге мүмкіндік береді.
Жайық өзенінің сол жағалауын сумен қамтамасыз ету үшін құны 6,0 млрд.теңгені құрайтын 3 магистралды каналдың (205 км) (Жайық-Шалқар, «Ащы-Азнабай-Тайпак» және «Азнабай-Тайпак» суландыру жүйесі) реконструкциясы жүруде. Жобаның іске асыру 350 мың га астам мал азығы қорына бай жайылымдық жерлерді айналымға енгізіп, мал санын 30 мың басқа арттыруға мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Республикасының Үкіметімен 2024-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдаманы іске асыру бойынша бекітілген Іс-шаралар жоспарына сәйкес Су ресурстары мен ирригация министрі және облыс әкімімен Батыс Қазақстан облысының суару жүйелерін қалпына келтіру бойынша Жол картасы бекітілді.
Жол қартасы 7 бағытта дайындалып, жалпы құны 120 млрд.теңгеден астам 84 іс-шараны жүзеге асыруға бағытталған.
Орман шаруашылығы
Мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы ауданы 222 159 га құрайды: ормансыз жерлер 59 657 га және орманды жерлер – 162 502 га, оның ішінде орманмен қамтылған аумағы 88 482 га. Облыс аумағының ормандылығы 0,6% құрайды.
Мемлекеттік орман қоры аумағында 2 миллиард ағаш отырғызуға қатысты Мемлекет басшысының 2020 жылғы 01 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру мәселесі бойынша 2021-2025 жылдарға арналған қаржы шығындарымен "БҚО ормандарды молықтыру және орман өсіру кешенді жоспары" бекітілді.
Облыстың мемлекеттік орман қоры аумағында 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін 15096 га ауданға орман дақылдарын отырғызу және 6581 га ауданға орман дақылдарын толықтыру жоспарланған және 56,57 млн дана ағаш отырғызылады (2021 ж.-3,5 млн дана, 2022 ж. -8,1 млн дана, 2023 ж. -11,8 млн дана, 2024 жылы - 14,97 млн дана, 2025 жылы-18,2 млн дана).
Бекітілген Кешенді жоспарға сәйкес мемлекеттік орман қоры аумағында 2024 жылға арналған орман екпелерін отырғызу көлемі 3957 га және орман екпелерін толықтыру 1856 га құрайды және 14,967 млн дана отырғызу жоспарланған.
Нәтижесінде коммуналдық мемлекеттік мекемелерімен 2024 жылы мемлекеттік орман қоры аумағында орман дақылдарын отырғызу 504 га алқапқа және 497,9 га алқапқа орман дақылдарын толықтыру орындалды және 2,152 млн дана әр түрлі ағаш-бұта тұқымдыларының көшеттері отырғызылды, жұмыстар жалғасуда.
Орман өрті болған жағдайда оны тез сөндіріп алуда орман шаруашылық мекемелерінің өртке қарсы материалдық-техникалық базасының жабдықталуы үлкен роль атқарады.