
«ЖАЙЛАУДА» жас шабондоз шынығады
Алдымен аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев кешеннің сәтімен аяқталуына орай сауапты іске Құран бағыштады.
- Құрметті жерлестер, бүгін үлкен шара өтіп жатыр. Алдыңғы толқын ағаларымыз бізге келіп: «Ауданда ат спортын дамытып, жастарымызды ұлттық өнерге баулиық деп едік, осыған жер жөнінен көмектессеңіз»,- деді. Нәтижесі өздеріңіз көріп тұрғандай, кейінгі ұрпаққа қалар ауқымды іс тындырылды. Елдегі карантин жағдайына байланысты көптеген шараларымызды атқара алмай жатырмыз. Дегенмен, ел болып індетті жеңеміз, алдағы күндері қуанышты сәттеріміз көп болады деп сенемін, - деді аудан әкімі Азамат Сафималиев өзінің құттықтау сөзінде. Содан соң ол кешеннің құрылыс жұмыстарын жүргізуге атсалысқан бір топ азаматтарға алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Биыл Орал қаласында өткен облыстық чемпионатта екінші орынға ие болған аудан көкпаршыларын алғысхатпен марапаттады.
Ауқымды шараға арнайы келген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров Елбасы мен Президент тарапынан бұқаралық және ұлттық спортты дамытуға үлкен көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қасиетті Жәнібек өңірі спортында біршама жетістіктер бар. Бұл ретте көкпаршылардың табысы атап өтуге тұрарлық. Ашылғалы отырған ат спорты кешені олардың облыс, Қазақстан чемпионаттарында биіктерден көрінуіне септігін тигізетін болады.
Одан әрі осынау игі іске атсалысқан басқа да азаматтар сөз сөйлеп, ізгі тілектерін арнады. Лента қию рәсімі аудан басшысы Азамат Сафималиев пен еңбек ардагері Әбес Темешевке тапсырылды.
«Жайлау» ат спорты кешені он екі ат тұратын бөліктерге бөлінген. Әр бөлікке жылқының аты, түсі, жасы, тұқымы, жынысы, спорт түрі, шабандоздың аты-жөні жазылған белгі (табличка) ілінген. Аттар, негізінен, ұлттық спорттың бәйге, көкпар, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ секілді түрлеріне қатысады. Кешенде шабандоздар жуынып, киім ауыстыратын, күзетшілер отыратын бөлмелер де қарастырылған. Кешеннің бір қабырғасы ат емін-еркін жүріп тұратындай қылып қоршалып, төбесі көлеңке болатындай етіп жабылған.
- Аудандық балалар- жасөспірімдер спорт мектебі жанынан ат спортын дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Ер балалар атқа мінуді үйреніп, көкпар тартып, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сияқты ұлттық ойындарға машықтанды. Дегенмен, жаттығуға орын тапшы болып жүргенін сезген ағаларымыз өздерінің демеушілігімен су жаңа кешен тұрғызып, пайдалануға берді. Атымтай жомарт ағаларымызға сауапты істері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта атты автокөлікке тиейтін және түсіретін баспалдақ, шөп маялайтын орын, ат үйрететін жер (манеж) жабдықтаймыз. Кешеннің айналасы тұтастай қоршалатын болады, - дейді аталмыш мектептің директоры Орынбасар Ғилымов.
Шара барысында жиналған қауым ат үстіндегі аударыспақты, жамбы атуды тамашалады.
Айта кетейік, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есенаманұлы аудан әкімі Азамат Сафималиевпен бірге Жәнібек ауылындағы №1 мектеп-лицей жанындағы жазғы спорт алаңын және М.Ықсанов, Қ.Мусин көшелерінің қиылысында орналасқан асық ату алаңын көрді.
Асқар ҚҰСАЙЫНОВ