Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев облыс тұрғындарына үндеу жасады

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев облыс тұрғындарына үндеу жасады

Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына үндеу жасады
«Құрметті Батыс Қазақстан облысының тұрғындары!
Өңірдегі су тасқыны жағдайы әлі де шиеленісіп тұр. Қазіргі уақытта Орал қаласының өзінде Жайық өзеніндегі су деңгейі 7 метрге жетіп, көтерілуін жалғастырып, шекті деңгейге жақындады.
Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарында, сондай-ақ Орал қаласының Жайық өзенінің бойында орналасқан аудандарында 94 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр.
Жайық өзенінің жағалауындағы аса қауіпті аймақтарға бөгеттер салынуда. Нығайту жұмыстарына 200 бірлік техника мен 1000-ға жуық адам жұмылдырылған. Басқа аудандарда су тасқынының  алдын алу шаралары жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейін, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына су тасқыны жағдайына байланысты жолдауында табиғи апаттан зардап шеккен бірде-бір тұрғын көмексіз қалмайтынын атап өткен болатын.
Осы қиын-қыстау кезеңде құтқарушыларымыз, полицейлер, әскерилер, коммуналдық қызметшілер асқан жанқиярлық танытуда. Су тасқынымен күресуге атсалысқандардың барлығына алғысымды білдіремін!
Зардап шеккендерге облыс жұртшылығы да үлкен қолдау көрсетуде. Облыс кәсіпкерлері, қоғамдық бірлестіктер, волонтерлар және облыстың қарапайым тұрғындары көмектесуде, сол үшін оларға алғысымыз шексіз!
Енді осы қиын кезеңде сабырлылық танытып, бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек екенін тағы бір рет еске салғым келеді!
Сондай-ақ қазіргі су тасқыны жағдайы туралы ресми ақпарат көздеріне ғана сенуіңізді сұраймын!», - деді облыс әкімі.