
2022 жылдың 14 қыркүйек күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Жаңақала ауданы Бірлік ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев даму көрсеткіштері көш бойы озық өңіріміздің жай күйіне тоқталды. Президент жарлығымен биылдан бастап әкімдердің тұрғындармен кездесу мерзімдері мен өткізу форматы өзгертілген болатын. Осыған орай жиын барысы еркін пікір алмасуға ұласты.
Кездесуге саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мүшелері және Бірлік ауылдық округінің тұрғындары қатысты. Кездесудің басым бөлігі сұрақ-жауапқа бағытталған. Сондықтан ашық форматта өткен жиында тұрғындар толғандырған мәселелерді еркін түрде ортаға салды.
Кездесу барысында Бірлік ауылының тұрғындары өз кезектерінде шешуін таппай жүрген өзекті жайларын жеткізді. Тұрғындар тарапынан көтерілген негізгі мәселелер: шабындықтарға уақытында су беру жұмыстарының баяулығы, мектеп, балабақшаның күрделі жөндеуі, кірме жолдардың сын көтермейтіндігі жөнінде болды. Көтерілген мәселелер бойынша бірнеше ұсыныс, өтініштер айтылды. Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы аталған мәселелерді зерделеп, тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Жиын соңы облыс әкімінің азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауымен жалғасты.