
Қадірлі ұстаздар!
Құрметті оқушылар, ата-аналар!
Баршаңызды білім күнімен, жаңа оқу жылының басталу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн жаңа жобалар мен ізденістердің, жаңа идеялардың бастауы. Жаңа оқу маусымы білім беру сапасын арттыруға үлкен міндеттер жүктеліп, алға қойылған міндет нақты іске айналатын кезең. Еліміздің дамуына үлес қосатын саналы ұрпақтың зердесіне білім мен тәрбие алауын жағатын уақыт.
Қымбатты оқушылар!
Қазіргі таңда, мемлекет тарапынан білім саласына үлкен қамқорлық көрсетіліп келеді. Сіздердің игіліктеріңіз үшін жасалынып жатқан қамқорлық пен зор қолдаулардың арқасында білімдеріңізді толықтырып, жарқын жетістіктерге қол жеткізіп, жаңа белестерді бағындыруларыңызға тілектеспін!
Білім – баға жетпес рухани байлық, ғылымның іргетасы, мемлекет дамуының алтын арқауы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Цифрландыру заманындағы озық білім мен дағды – жастарымыздың жарқын келешегінің кепілі», – деп жаһандану дәуірінде білімді ұрпақты жарқын болашақ күтетінін айқын жеткізді.
Ал ұлтымыздың ұлы перзенті, күллі қазаққа ұстаз болған дана Абай «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деген екен. Сондықтан Сіздер қай кезеңде болмасын ілім-білім жинауға қашан да асығып, тәуелсіз еліміздің игілігі жолында білімдеріңізді кәдеге жаратып, болашақта озық ойлы, өрісі кең өрелі азаматтар қатарынан болатындарыңызға сенемін!
Аяулы ұстаздар!
Білім күнінен бастау алған жаңа оқу жылында Сіздерге сәттілік, тың бастамалар мен жарқын жетістіктер тілеймін. Келешектеріңіз кемел, болашақтарыңыз нұрлы болсын. Көздеген мұрат-мақсаттарыңызға қол жеткізіп, армандарыңыз орындалсын. Ер ертеңі еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!