
Қазақстан өз дамуында жаңа кезеңнің, жаңа белестің алдында тұр. Республикалық референдум сол кезеңге аяқ басудың алғашқы қадамы болмақ.
Қазақстандықтар осы кезге дейін партиялық тізіммен депутаттыққа өткендердің тізімін еш көрмегенін айтып, өздеріне ел дамуына үлес қосу мүмкіндігінің берілгенін қалайтындарына қатысты ұсыныстарын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл ұсынған саяси реформаларында осындай сын-пікірлерді ескере отырып, оның Конституцияға енгізілетін өзгерістерде қамтылуына ықпал етті.
Енді кез келген 18 жасқа толған Қазақстан азаматы партия қатарында болуына немесе болмауына қарамастан, бір мандаттық округ арқылы сайлау туралы заңнамаға сай келген жағдайда депутаттыққа өзін өзі ұсына алады. Конституциялық реформаның басты бағыттарының бірі осы – пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесін енгізу. Бұл сайлау жүйесін демократияландыру қағидатына сай келеді.
Сонымен қатар, мажоритарлық жүйе бойынша сайланған депутаттарды кері қайтару тетігі енгізіледі. Демек, сайлаушылар өз сенімін ақтамаған депутаттарды кері қайтарып ала алады.
Өзінің елді басқару ісіне ықпалы барын сезінгісі келетін әр азамат референдумға қатысып, белсенділік танытуы тиіс.
Биыл қазақстандықтар үшін ауқымды тарихи өзгерістер жылы болмақ. Ел Конституциясына түзетулер енгізіліп, оны қабылдау халықтың қарауына ұсынылады.
Қазақстан Президенті бүкілхалықтық референдум өткізу туралы жариялады.
Қазір қоғамда конституциялық реформалар референдумда қабылданған соң Мәжілістің рөлі артып, Сенаттың ықпалы азаяды дейтіндер бар. Бұл жаңсақ пікір.
Парламенттің қос палатасының рөлі бірдей деңгейде болады. Ешқандай палатаға ерекше артықшылық берілмейді. Конституциялық заңдар Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданады. Енді барлық заңдар сияқты олар да алдымен Мәжілісте, содан кейін Сенатта кезекпен қаралады.
Президенттің өкілеттігінің қысқаруымен, Парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейеді. Президент ұсынған Конституциялық Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің төрағалары қызметіне кандидатураларды келісу құқығы Парламент Сенатының депутаттарына беріледі.
Парламент өз Палаталарының бірлескен отырысында халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкімет енгізген заң жобасын дереу қарауға міндетті болады.
Саясат пен қоғамдағы соны өзгерістер елдің сана-сезіміне жаңғыруына, мемлекеттің барлық салаларының серпілуіне септігін тигізеді. Осындай өзгерістердің жүзеге асуын қалайтын азаматтар референдумға қатысып, өз дауысын беруге аса мүдделі.