Ауданымызда тұрғын үймен, ауыз сумен және көгілдір отынмен қамтуда, сондай-ақ көлік инфрақұрылымына қолжетімділіктің әртүрлі деңгейі байқалады. Осы теңсіздікті жою бойынша бірқатар келелі мәселелерді жоспарлы түрде шешуіміз қажет.
Атап айтқанда:
Жолдарды жөндеу. Жаңақала, Қызылоба, Пятимар, Бірлік, Меңдешев, Көпжасар, Жаңажол ауылдық округтерінің кіреберіс жолдарын күрделі жөндеуді жүргізу. Қазіргі таңда аталған барлық кірме жолдардың жағдайы нашар. Бұл мәселе жыл сайын халықпен есептік кездесулерде көтеріліп келеді.
Сонымен қатар ауылішілік көше жолдарын орташа жөндеулерден өткізу. Күні бүгінге аудан орталығындағы 12 көшеге (Құрманғазы, 1-Мамыр, Чуланов, Уалиев, №12, №19, Х.Доспанова, А.Жантурин, №5, Бабажанов, Астана, И.Мендыханов) 10,3 км ауылішілік жолдар мен 20,4 км жаяу жүргіншілер жолын салуға 2 жоба жасақталды. Жалпы құны – 1,5 млрд. теңгені құрайды.
Газбен жабдықтау. Салтанат, Саралжын, Борық, Плантация, елді мекендерін және әлеуметтік нысандарын газбен жабдықтауды жүргізу. Жоба құны – 170 млн. теңге.
Сонымен қатар, алдағы жылдары Үшкемпір, Аққұс елді мекендеріне газ құбырын тартуды қолға алуымыз қажет.
Ауыз сумен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда аудан бойынша сумен қамтылмаған кіші елді мекендерді кезең-кезеңімен ауыз сумен қамту жұмыстарын жүргізу міндеті тұр.
Күні бүгінге Кіші айдархан елді мекеніне су құбырын тартуға жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, алдағы жылдары қаржыландыру күтілуде. Жоба құны - 399,0 млн.теңге.
Сонымен қатар 9 кіші елді мекендерді кешенді блок-модульді қондырғылар орнату арқылы таза ауыз сумен қамтамасыз етуге қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыру қажет.
Тұрғын үй құрылысы. Қазіргі уақытта аудан бойынша 631 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Кезекте тұрғандарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тұрғын үйлер құрылыстарын жалғастыру керек. Аудандық бюджет есебінен 2 пәтерлік 20 тұрғын үйдің және екі қабатты 16 пәтерлік тұрғын үйлердің жобалау-сметалық құжаттамалар әзір.
Әлеуметтік нысандардың құрылыстары мен күрделі жөндеуден өткізу. Аудан бойынша 5 орта білім беретін мектептерге күрделі жөндеу қажет етіледі. Үстіміздегі жылы бірінші кезекте М.Мирманов, Д,Нұрпейісова, Карманов орта мектептеріне күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттамалар жасақталуда.
Сондай-ақ, Жаңақала ауылындағы №3 қазақ орта мектебінің ғимаратына 200 орындық жапсаржай салуға қаражат бөлу қажет. Жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Оқушылардың орталықтандырылған жазғы демалысын қызықты және тиімді ұйымдастыруымыз қажет. Осы мақсатта Жаңақала ауылында 50 орындық типтік балалар лагерінің құрылысының қажеттілігі туындап отыр. Күні бүгінге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан өтуде.
Мәдениет саласында да бірқатар нысандардың құрылыстары мен күрделі жөндеу мәселесі күн тәртібінде тұр. Қазіргі уақытта Қырқопа ауылына жаңа мәдениет үйінің құрылысының жобасы жасақталуда. Қырқопа ауылында 1000-нан астам тұрғын тұратынына қарамастан, мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу үшін орындар жоқ. Жұмыс істеп тұрған ауылдық клуб өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған және авариялық жағдайда.
Көпқабатты тұрғын үйлерді абаттандыру. Аудан орталығында 40-тан астам екі қабатты тұрғын үйлер орналасқан. Аталған үйлердің басым көпшілігі 70-80 жылдары салынып, сол кезден бері аулаларына абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген. Қазіргі таңда аудан әкімдігімен ЛПУ қалашығындағы 16 үйдің аулаларын абаттандыруға жобалау-сметалық құжаттамалар жасақталды. Аталған үйлердегі 192 пәтерде 1200-ге жуық адам тұрады.
Жоғарыда көрсетілген мәселелердің барлығы да қаражат мәселесінің шешілуіне қарай жүзеге асырылатын болады.