Қазіргі таңда төрт түлік мал басының өсуі ауданда жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін туындатып отыр. Атап айтқанда, барлық мал басының 30 пайыздан астамы жеке тұрғындардың үлесінде, бұл өз кезегінде қоғамдық жайылымдарға деген қажеттілікке әкелуде.
Бұл бағытта аудан бойынша бірқатар нақты жұмыстар қолға алынуда. Ағымдағы жылы аудан әкімінің өкімімен құрамына прокуратура, жергілікті атқарушы органдар, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Жұмыс тобы сәуір айында барлық ауылдық округтерге шығып, шаруа қожалықтары және жеке тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде 6 шаруа қожалықтары өздерінің пайдаланбай отырған 19 мың гектарға жуық жайылымдық жерлерін мемлекет меншігіне қайтаруды бастады. Қайтарылған жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарының қоғамдық жайылымдарына берілетін болады.
Сонымен қатар, 40 мың гектар шамасында елді мекендердің жайылым жерлерін кеңейту жұмыстары жүргізіліп, резервке қойылуда.