2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап Астана қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) ұйымдастырған ветеринариялық эпидемиология саласындағы бес күндік практикалық семинар өтуде.
Семинарға Қазақстанның әр өңірінен ветеринария саласының мамандары қатысып, жұқпалы жануарлар ауруларын эпидемиологиялық қадағалау және бақылау, тәуекелдерді бағалау, ауру ошақтарын зерттеу және деректерге негізделген бақылау шаралары бойынша білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдіруде.
Іс-шараға Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасы эпизоотияға қарсы ветеринариялық іс-шаралар бөлімінің басшысы Аймашев Кенжебек Жолдығалиұлы қатысуда.
Семинар барысында ветеринариялық эпидемиологияның негізгі қағидалары, аурулардың таралу көрсеткіштерін бағалау, қауіп факторларын анықтау, жоғары тәуекел топтарын айқындау және ауру ошақтарын жүйелі зерттеу мәселелері қарастырылуда.
Бағдарламада бруцеллезге ерекше назар аударылып, аурудың жануарлар популяциясына ену тәуекелдерін бағалау, эпидемиологиялық қадағалау деректерін талдау және аурудың алдын алу мен бақылаудың тәуекелге негізделген тәсілдері зерделенуде.
Сонымен қатар қатысушылар Microsoft Excel бағдарламасы арқылы эпидемиологиялық деректерді талдау, далалық зерттеулер барысында қолданылатын цифрлық құралдарды пайдалану және нақты жағдайларға негізделген практикалық тапсырмаларды орындау арқылы тәжірибелерін арттыруда.
Семинар ветеринариялық қызметтердің жұқпалы жануарлар ауруларын ерте анықтау, тәуекелдерді бағалау және жедел ден қою мүмкіндіктерін күшейтуге бағытталға
Бруцеллез ауруы әлемдік деңгейде белең алған жануарлар мен адамдарға ортақ инфекциялық ауру. Аталған ауру сиыр, қой-ешкі, шошқа малының арасында жиі кездеседі.
Бруцелез ауруын ауыл шаруашылығы жануарларының қан сынамаларын диагностикалық тексеру арқылы анықтайды.
Облыс бойынша бруцеллез ауруына ветеринариялық іс-шаралар тиісті бюджеттік бағдарламалар шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттерде жылына көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылып келеді. Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларға сәйкес, жасы 12 айдан басталатын барлық МІҚ, ұсақ мал басына – екі рет (көктемде және күзде) диагностикалық зерттеулер жүргізіледі.
Ағымдағы жылы ветеринариялық іс-шаралар Жоспарында 1 005 697 бас мүйізді ірі қара, 1 370 299 мың бас қой-ешкіден, 838 бас түйе, 214 шошқа, 2000 етқоректілерден бруцеллезге қан сынамаларын алып тексеру қаралған.
Бруцеллез ауруының негізгі алдын алу шараларының бірі ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау бойынша ветеринариялық-санитариялық қағидаларды, әсіресе мал иелері күтіп-бағу кезінде жеке гигиена талаптарын (малды төлдеу кезінде сақтық үшін арнайы қолғап, аяқ киім киген дұрыс, қолды сабынмен жуып, залалсыздандыру) сақтауды, мал өнімдерін шикілей пайдаланғанда (сапалы ет, сүт өнімдерін тұтыну) сақтық шараларын, мал өнімдері мен шикізатты кез келген жерден емес белгіленген орындардан сатып алуды, қора-жайларда дезинфекция жұмысын жүргізу, малдың арасында іш тастау, өлі туу жағдайын дереу малдәрігерлерге хабарлау және басқа жерден мал әкелгенде бруцеллезге тексерілген малды сатып алу керектігі сияқты сақтық шараларын сақтауы тиіс. Үй жануарларын ұстайтын, қорада малдары бар азаматтар үйдегі малдарын малдәрігерлік тексеруден жүйелі түрде өткізіп тұруы міндетті.
Қазақстанда алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталды. Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық бастамалардың біріне айналмақ.
Марафон 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:
- «Кітап оқитын мектеп» — 6–10 сынып оқушылары;
- «Кітап оқитын колледж» — колледж студенттері;
- «Кітап оқитын университет» — жоғары оқу орындарының студенттері;
- «Кітап оқитын педагог» — мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;
- «Кітап оқитын әулет» — отбасылық командалар;
- «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — мемлекеттік қызметшілер;
- «Кітап оқитын зияткер» — жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енді. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді.
Негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйек айында басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинетінде пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады: 1-орын — 600 000 теңге; 2-орын — 450 000 теңге; 3-орын — 300 000 теңге.
Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты байқаудың өзімен ғана шектелмейді.
«Бүгін біз «Кітап оқитын ұлт» алғашқы республикалық марафонына тіркелуді ашып, осылайша жасы, мамандығы мен қызығушылығы әртүрлі адамдарды кітап төңірегіне біріктіретін үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз.
Баршаңызды марафонға қатысуға шақырамын. Бірлесе отырып, кітап оқуды Қазақстандағы заманауи өмірдің маңызды құрамдас бөлігіне айналдыра аламыз деп сенемін. Сондай-ақ зерделі ұлттың — қуатты, білімді әрі ойлайтын ұлт екенін көрсете аламыз», — деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz
Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын жүзеге асыруға жобаның бірқатар маңызды серіктестері де атсалысуда. Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырмандардың кітаппен өзара байланысуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етпек.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасында Жоғары инжернерлік-технологиялық колледжінің «Ветеринария» мамандығы бойынша білім алған түлектеріне арналған Ашық есік күні ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – жас мамандарды ветеринария басқармасының қызметімен таныстырып, мемлекеттік ветеринария жүйесінің негізгі бағыттары мен міндеттері туралы жан-жақты ақпарат беру.
Ашық есік күні барысында түлектер басқарманың негізгі құрылымдық бөлімдерінің жұмысымен танысты. Атап айтқанда, эпизоотияға қарсы ветеринариялық іс-шаралар бөлімі, жоспарлау, болжау, есептілік және лицензиялау бөлімі, сондай-ақ жануарларды бірдейлендіру, ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар және төтенше жағдайлар бөлімінің қызмет бағыттары таныстырылды.
Бөлім мамандары ветеринария басқармасының өңірдегі эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жануарлар ауруларының алдын алу, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті сақтау және ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы кеңінен ақпарат берді.
Кездесу барысында түлектер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік қызметтің ерекшеліктері, ветеринария саласындағы кәсіби мүмкіндіктер мен болашақ еңбек жолына қатысты пайдалы мәліметтер алды.
Осындай кездесулер жас мамандардың кәсіби бағдарын қалыптастыруға, олардың мемлекеттік ветеринария қызметіне деген қызығушылығын арттыруға және білікті кадрлар даярлауға ықпал етеді.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ветеринария басқармасына қарасты «Бәйтерек аудандық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ МКК директоры лауазымына Искалиев Талғат Маратұлы тағайындалды.
Талғат Маратұлы 2004 жылдан бері ветеринариялық бақылау және қадағалау саласында еңбек етіп келеді.
Әр жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесінде түрлі жауапты қызметтерді атқарып, ветеринариялық бақылау және қадағалау саласында мол тәжірибе жинақтады.
Осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының шекара маңы бекеттерін бақылау бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
Жаңа қызметіне сәттілік тілеп, жауапты міндеттерін абыроймен атқаруына тілектестік білдіреміз!
Ветеринария қызметкерлері күніне орай Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасы мен аудандық ветеринариялық станциялар мамандары арасында дәстүрлі волейбол турнирі өтті.
Былтырғы жылы жарыс Теректі ауданында ұйымдастырылса, биыл турнирдің туын Тасқала ауданы көтерді.
Дәстүрге айналған спорттық дода әріптестер арасындағы достықты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Волейболдан бөлек, қатысушылар ұлттық спорт түрлерінен де бақ сынады:
«Қой көтеру»
«Кір көтеру»
«Арқан тартыс»
«Қой көтеру» сайысында Қаратөбе аудандық ветеринариялық станциясының маманы Елекешов Жандос үздік нәтиже көрсетіп, қанжығасына қой байлады.
«Кір көтеру» бойынша:
III орын – Бөрлі аудандық ветеринариялық станциясының маманы Андрей Кузнецов;
II орын – Тасқала аудандық ветеринариялық станциясының маманы Ержан Мұқашев;
I орын – Казталов аудандық ветеринариялық станциясының маманы Әскербек Төлемісов.
«Арқан тартыс» нәтижесі:
III орын – Тасқала аудандық ветеринариялық станциясының құрама командасы;
II орын – Казталов аудандық ветеринариялық станциясының құрама командасы;
I орын – Сырым аудандық ветеринариялық станциясының құрама командасы.
Волейбол турнирінің қорытындысы бойынша:
III орын – Ақжайық аудандық ветеринариялық станциясы;
II орын – Казталов аудандық ветеринариялық станциясы;
I орын – Жаңақала аудандық ветеринариялық станциясы.
Айта кетейік, Жаңақала аудандық ветеринариялық станциясы екі жыл қатарынан турнирдің бас жүлдесін жеңіп алып, чемпиондық атағын сақтап қалды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және сертификаттармен марапатталды.
Осындай игі бастамалар әріптестер арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақтастықты нығайтып, сала мамандарының кәсіби мерекесін ерекше көңіл күймен атап өтуге мүмкіндік береді.
9 шілде күні БҚО ветеринария басқармасында Мал шаруашылығы және ветеринария қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Іс-шараға БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Шадиярұлы Айтмұхамбетов қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ветеринария мен мал шаруашылығы мамандарының өңірдің эпизоотиялық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі және агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы маңызды еңбегін атап өтті.
Жиында салада ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, саланың дамуына елеулі үлес қосқан мамандарға түрлі деңгейдегі марапаттар табыс етілді.
ҚР Премьер-Министрінің Алғыс хаты Жанабай Мурзагереев пен Жеткен Набановқа табысталды.
ҚР АШМ-нің ведомстволық наградаларымен:
«Еңбек ардагері» медалі – Ысқақ Курпельдисов, Марат Темірбеков, Серік Нұрмағанбетов;
«Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі – Ринат Әбдрешов, Ануарбек Сейітқалиев, Дәулетқали Мырзағалиев;
Құрмет грамотасы – Ізбасар Төлегенов, Раушангүл Айтқалиева және Света Шәкенова марапатталды.
Сонымен қатар сала қызметкерлеріне БҚО әкімінің, БҚО әкімі орынбасарының, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының, БҚО ветеринария басқармасы басшысының Алғыс хаттары табыс етілді.
Бұдан бөлек, БҚО ветеринария қызметкерлері кәсіподағы бірлестігінің атынан «Батыс Қазақстан облысының құрметті мал дәрігері» төсбелгісі табысталып, иегерлеріне «Ақжайық» шипажайына жолдамалар сыйға берілді.
Барша мал шаруашылығы және ветеринария саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге толағай табыс тілейміз!
2026 жылғы 30 маусымда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұйымдастыруымен Ветеринария қызметі мен мал шаруашылығы саласы қызметкерлері күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен ветеринария қызметі мен мал шаруашылығы саласының өкілдері, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының делегациясы қатысты.
Салтанатты іс-шара аясында Қазақстан Республикасының ветеринария және мал шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан мамандар марапатталды.
Марапатталғандардың қатарында Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасының басшысы Абзал Серікұлы Бралиев те бар. Ол ветеринария саласын дамытуға қосқан үлесі мен адал еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хатымен марапатталды.
Алғыс хатты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин табыс етті.
Осындай іс-шаралардың өткізілуі мамандықтың беделін арттыруға, сала қызметкерлерінің еңбегін лайықты бағалауға және ветеринария қызметі мен мал шаруашылығы саласының одан әрі дамуына ықпал етеді.