Қазіргі уақытта өзекті мәселелердің бірі бұл иесіз қаңғыбас иттердің көбейіп кетуі. Әсіресе облыс орталығында қаңғыбас иттер көбейген. Бұралқы иттер көбінесе мектеп, балабақша, емханалардың қасында және қоқыс жәшіктерінің маңында топтасып қауіп төндіреді. Осыған байланысты тұрғындар тарапынан шұғыл жою қажеттігі жөнінде көптеген арыз-шағымдар түсіп, хабарламалар, бейнетүсірілімдер мен фотосуреттер әлеуметтік желілер арқылы тарауда.
Бүгінгі таңда қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмыстары «Батыс Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою» қағидасына сәйкес жүзеге асырылып келді.
Қағидаға сәйкес, жануарларға адамгершілікпен қарау мақсатында, ауланған қаңғыбас иттер мамандандырылған мекемеде биозарарсыздандырудан өткізіліп, құтыру ауруына қарсы вакцинация, дегельминтизация, чип енгізу шаралары жүргізілді. Биозарарсыздандырудан өткен жануарлар күнтізбелік 3-7 күн бақылауда ұсталып, кейін кері мекендеу ортасына жіберіліп келеді.
Қаңғыбас иттер мен мысықтардан адамдар мен жануарлар денсаулығына қауіп төнген жағдайда, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде қолданыстағы Ереженің 2 бөлімінің 12 тармағына сәйкес қаңғыбас иттер мен мысықтар жойылуда.
2021 жылы облыс бойынша 5 030, соның ішінде Орал қаласы бойынша 2 206 бұралқы ит пен мысық биозарарсыздандырудан өткізіліп, кері жіберілді.
Ағымдағы жыл басынан бері Орал қаласы бойынша 323 бұралқы ит пен мысық биозарарсыздандырудан өткізіліп, кері жіберілді.
Үстіміздегі жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасында Заң қабылданып, аталған Заң 2022 жылдың 2 наурызынан бастап күшіне енеді.
Осы Заң жануарларды қорғау, оларға қарау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамгершілікті нығайту және қоғамның ізгілік қағидаттарын сақтау, сондай-ақ жануарларға қарау кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
Заңға сәйкес азаматтарға жануарларға жауапкершілікпен қарау міндеттелген. Оларды қарау кезінде жануардың өлуіне, мертігуіне немесе саулығына өзге де зиян келтіруге, ұрып-соғуға, азаптауға, жануарлар төбелесін ұйымдастыруға және өткізуге болмайды делінген.
Сондай ақ иттер мен мысықтарды тамаққа пайдалану, сою немесе мертіктіруге, жануарлардан өнім мен шикізат алу үшін оларды өсіруге, ұстауға, пайдалануға, осындай өнімді өткізуге тиым салынған.
Үй жануарларының қалаусыз ұрпағын болғызбау бойынша жануардың иесі немесе жауапты адам стерилизациялау арқылы шаралар қабылдауға міндетті және иттердің тұмылдырықсыз және қарғыбаусыз өз бетінше серуендеуіне, үй жануарларының мінез-құлқын бақылай алмайтын, оның ішінде алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамдардың оларды серуендетуіне тыйым салынады, сондай ақ үйдің аумағына кіреберісте үй жануарының бар екендігі туралы ескерту жазбасы жасалуға тиіс.
Жоғарыда қабылданған Заңға түсінік бере отырып, облыс тұрғындарына үй жануарларына жауапкершілікпен қарап, Заңда көрсетілген талаптар мен міндеттемелерді орындамау жауаптылыққа алып келетіндігін қаперлеріне береміз.
Талдау, болжау, ветеринариялық есеп
және лицензиялау бөлімінің бас маманы Қ. Хамитов