Листериоз (лат., ағылш.– Listeriosis) - ауыл шаруашылығы жануарларында, жабайы жануарларда және адамдарда кездесетін өте қауіпті бактериялық ауру.
Ауру орталық жүйке жүйесінің (менингоэнцефалит), жыныс мүшелерінің (түсік, метрит), сүт безінің (мастит) зақымдануымен, қызбамен сипатталады. Аурудың қоздырғыш көзі - сыртқы ортаға листерия бөлетін ауру және ауырған жануарлар. Аурудың негізгі таратушылары - табиғаттағы листерияның негізгі резервуары болып табылатын тышқан тектес кеміргіштер. Листериоздың таралуына кенелер де белгілі роль атқарады. Листериозды иксод және гамаз кенелері, бүргелер мен биттер таратады.
Ауру жануарлар мен бактерия тасымалдаушылар листерияны сыртқы ортаға танаудан, жыныс мүшелерінен аққан сорамен, нәжіспен, несеппен, сүтпен, тастанды төлмен шығарады. Жануарларға алиментарлы жолмен, сондай-ақ көз бен мұрын қуысының кілегей қабықтары, зақымдалған тері арқылы жұғады. Ауруды жұқтырудың басты көзі болып зақымданған жем-шөп, соның ішінде сүрлем саналады. Листериямен ластанған су қоймалары эпизоотологиялық және эпидемиологиялық тұрғыдан қауіпті. Адам листериозды осы індетпен зақымданған кеміргіштермен, ауыл шаруашылығы жануарларымен, көбінесе шошқалармен қарым-қатынаста болған жағдайда, зақымдалған тері арқылы; ас қорыту жолдары арқылы – термиялық өңделмеген көкөністерді, сондай-ақ ауру жануарлардың сүті мен етін пайдаланған кезде жұқтырады.
Листериоз қойларда, шошқаларда, ірі қара мен ешкілерде, кәсіптік жануарларда, мамық жүнді аңдарда, қояндарда, үй және жабайы құстарда, жылқыларда, түлкілерде, күзендерде, тауықтарда кездеседі. Ауру бірнеше сағаттан 10 тәулікке дейін созылып, көбіне өліммен аяқталады.
Листериоздың алдын алу үшін фермаларға малды тек бұл аурудан таза шаруашылықтардан алу керек, жаңадан келген жануарларды карантиндеу, жануарларды клиникалық тексеру және қажет болған жағдайда зертханалық зерттеу жүргізу, сондай-ақ жануарларды толық құнды азықпен қамтамасыз ету, ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау және кеміргіштерді жою қажет. Жем-шөптің, әсіресе сүрлемнің сапасын бақылау қажет. Тиімді дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, қора-жайларды мұқият механикалық тазалау және дезинфекциялау қажет.
Листериоз бойынша қолайсыз шаруашылықтарда (табиғи ошақтарда) жылына бір рет жануарларды вакцинациялау қажет.
Листериозды емдеу қиын. Фторхинолондар тобына жататын антибиотиктер: Энромик 10%, Флоретин 300, Офлоксацин 10%, Энрофлокс, Энрофлоксацин, Байтрил листериозды емдеуде тиімді.
Г.С. Бектасова, эпизоотияға қарсы ветеринариялық
іс-шаралар бөлімінің бас маманы