GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Басқарма туралы
Құжаттар
Қызметі
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалар
Все материалы
16 июля 2026
Орал қаласында мемлекеттік медициналық қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг өткізілді

2026 жылғы 30 маусымда Орал қаласында Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бақылау туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік медициналық қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізілді.

Іс-шараның бастамашысы – «Ashyk Kogam әлеуметтік даму және инновациялар қоры» қоғамдық қоры.

Қоғамдық мониторинг Батыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық көпсалалы аурухана» ШЖҚ МКК диагностикалық орталығы базасында өтті.

Мониторингке Батыс Қазақстан облыстық және Орал қалалық қоғамдық кеңестерінің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің, Батыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының, сондай-ақ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында медициналық қызметтердің қолжетімділігі, азаматтарды қабылдау мен қызмет көрсету уақыты, көрсетілетін қызметтердің сапасы, келушілер үшін жасалған жағдайлар, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының сақталуы зерделенді.

Қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша анықталған мәселелер мен ұсыныстар жинақталып, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыруға бағытталған ұсынымдар әзірленетін болады.

25 февраля 2026
Орал қаласында «Қоғамдық бақылау туралы» заң аясында қоғамдық мониторинг сәтті өткізілді

2023 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі азаматтарға мемлекеттік басқаруға қатысу тетігін ұсынатын «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды әзірледі. Алайда, іс жүзінде аталған заң нормалары жеткілікті деңгейде қолданылмай, жергілікті тұрғындардың басым бөлігі үшін түсініксіз күйінде қалып отыр.

Осы жағдайды өзгерту мақсатында «Ashyk Kogam» қоғамдық қоры «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы аясында қоғамдық бақылау іс-шарасын өткізді.

2025 жылғы 17 қазанда Қор қоғамдық бақылау объектісі — «Батыс Қазақстан облысының цифрлық технологиялар басқармасы» ММ-не қатысты қоғамдық мониторинг жүргізді. Мониторинг Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес, Басқарманың ресми сайтынан және Алматы қаласы цифрландыру басқармасы ашық дереккөздерінен алынған ақпаратты пайдалану арқылы жүзеге асырылды.

Мониторингтің сипатына байланысты (қашықтықтан бақылау және ақпарат жинау) бақылау объектісіне физикалық бару және алдын ала хабарлама жіберу талап етілмеді.

Мониторинг мәні — басқарманың ресми сайтында Батыс Қазақстан облысы әкімі немесе Орал қаласы әкімі жанындағы қоғамдық IT-кеңес туралы ақпараттың болмауы.

«Қоғамдық бақылау туралы» Заң және Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабы азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысу құқығын бекітеді. Қоғамдық IT-кеңестің немесе ол туралы ақпараттың болмауы бизнес-қоғамдастықтың, білім беру ұйымдарының және азаматтық қоғам өкілдерінің өңірді цифрландыру саясатын қалыптастыруға қатысу мүмкіндігін шектейді. Бұл ашық мемлекеттік басқару қағидаттарына қайшы келеді.

Ал Алматы қаласының тәжірибесі қала әкімі жанындағы IT-кеңестің табысты жұмыс істеп, мүдделі тараптардың цифрлық трансформацияға қатысуын қамтамасыз етіп отырғанын көрсетеді. Батыс Қазақстан облысында осындай тетіктің болмауы өңірлер арасындағы теңсіздікке және азаматтардың заң алдындағы теңдігі қағидатының бұзылуына алып келуі мүмкін.

Мониторинг қорытындысы бойынша 2025 жылғы 17 қазанда Қор Басқармаға анықталған фактілер, құқықтық бағалау және ұсынымдар қамтылған қорытынды құжат жолдады. Ұсынымдар қатарында:

  • облыс әкімі жанынан қоғамдық IT-кеңес құру;

  • тиісті нормативтік құжаттарды бекіту;

  • ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету;

  • кеңестің тұрақты жұмыс істеу тетіктерін енгізу;

  • іске асыру мерзімдері мен кері байланыс механизмдерін белгілеу ұсынылды.

Жауап алынғаннан кейін Қор 2025 жылғы қазан айынан бастап бірнеше ай бойы нақтылау сұрақтарын жолдап, басқарма қызметкерлерінің кеңейтілген құрамымен кездесу өткізді.

Қоғамдық бақылау нәтижесінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев 2026 жылғы 14 қаңтарда «Ақылды» қаланы дамыту жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкім шығарды.

Жұмыс тобының қызметі өңірді цифрландырудың бірыңғай саясатын әзірлеуге және ақпараттық технологиялар саласында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Оның құрамына облыс әкімі аппаратының, бейінді басқармалардың, IT-қоғамдастықтың, депутаттық корпустың және «Ashyk Kogam» қоғамдық қорының өкілдері енді.

«Ақылды» қаланы дамыту жөніндегі жұмыс тобын құру — азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы диалогтың нақты нәтижесі. Бұл қоғамдық бақылау тетіктерінің тиімділігін дәлелдеп, азаматтардың өңірді цифрландыру саясатын қалыптастыруға қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Аталған жағдай «Қоғамдық бақылау туралы» Заңның іс жүзінде жұмыс істей алатынын және өңірді дамыту мен мемлекеттік басқару сапасын арттыруға нақты үлес қосатынын көрсетеді.

25 февраля 2026
«ӘДІЛЕТТІ КОНСТИТУЦИЯ – ҚУАТТЫ МЕМЛЕКЕТ»: ОРАЛДА САРАПШЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

«Атамекен» өнер ордасында облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен «Әділетті Конституция – қуатты мемлекет» тақырыбында сарапшылар қауымдастығымен кездесу өтті. Маңызды жиынға мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік орган басшылары, бизнес өкілдері, ректорлар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Басқосудың басты мақсаты — республикалық референдум аясында ұсынылған конституциялық реформаларды талқылау және қоғам өкілдеріне түсіндіру.

Аймақ басшысы өз сөзінде конституциялық реформаның ел болашағы үшін тарихи маңызы бар екенін қадап айтты. Жаңа Конституция жобасы — қоғамдағы заманауи талаптарды ескере отырып әзірленген, мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. Бұл өзгерістер мемлекеттілікті нығайтуға және елдің тұрақты өсуіне берік құқықтық негіз қалауға бағытталған.
Облыс әкімі барша азаматтарды ел тағдырына бейжай қарамай, саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды. «Бүгінде әрбір қазақстандыққа елдің ертеңіне қатысты шешім қабылдауға зор мүмкіндік берілді. Сондықтан жаңа Конституция жобасымен жан-жақты танысып, референдумда өз азаматтық ұстанымдарыңызды білдіруге шақырамын», — деп атап өтті Нариман Төреғалиев.

Өз кезегінде сарапшылар қауымдастығы жаңа Конституция жобасында бекітілген адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ғылым, білім мен өнер салаларына басымдық беру қағидаттары Қазақстанның жан-жақты дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

25 февраля 2026
БҚО-да спорт саласының үздіктері анықталды

Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы «Жалын – 2025» атауымен үздік спортшылар мен сала озаттарын марапаттау кешін өткізді. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй қатысып, жыл бойы түрлі деңгейдегі бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларға алғысын білдірді.

Биылғы ерекшелік – үздіктерді анықтауда арнайы рейтингтік жүйенің қолданылуы болды. Балдық жүйе арқылы жасақталған рейтингте спортшылар мен бапкерлердің жыл бойғы жетістіктері, жарыстардағы нәтижелері және саланы дамытуға қосқан үлесі ескерілді. Аталған ереже «Кеңесші» ардагерлер қоғамдық бірлестігімен бірлесіп әзірленіп, қорытынды шешім арнайы комиссия отырысында қабылданды.

Жыл қорытындысында «Үздік спортшы» аталымы төрт бағытта табысталды. Олимпиадалық спорт түрлері бойынша Мария Бровкова үздік деп танылса, пара-сурдолимпиадалық спортта – Анастасия Тимошенкова, ұлттық спортта – Дархан Әнуарбеков, ал олимпиадалық емес спорт түрлерінен Дархан Тимралиев жеңімпаз атанды.

«Үздік жаттықтырушы» атағы да бірнеше бағытта берілді. Олимпиадалық спортта Александр Акунишников, ұлттық спортта Әсет Қайыржанов, олимпиадалық емес спортта Ринат Мерғалиев, пара-сурдолимпиадалық спортта Теміржан Хасанғалиев үздік деп танылды.
Ал «Үздік ауыл бапкері» аталымын Жеңіс Стамғазиевқа бұйырды.

«Үздік спорттық аудан» деп Ақжайық ауданы танылса, «Үздік спорттық ұйым» номинациясы Ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен «Ақсай» мәдени-бұқаралық ұлттық ат спорт кешеніне берілді.

Спортты қолдауға ерекше үлес қосқан азаматтар да назардан тыс қалмады. «Үздік жыл меценаты» –Асхат Ишмұхамбетов, ал «Жыл меценаты» аталымы Бауыржан Каримовке табысталды.
Ал «Жыл жаңалығы» ретінде Зейнеп Баянова, Алина Әжіғалиева және Баубек Ильсовтың есімдері аталды.

Сонымен қатар «Үздік спорт қызметкері» номинациясында Сағадат Нұғман, Лаура Күжентаева, Гүлжиян Андырова, Айдана Елеусінова және Жеңіс Рысқалиев жеңімпаз деп танылды.
«Үздік федерация» атағына Батыс Қазақстан облысының дзюдо федерациясы ие болды.

Ал «Спорт жанашыры» номинациясы бойынша Асқар Мырзахметұлы, Әсет Сұлтанұлы, Бегайдар Болатұлы, Марат Асанов, Дулат Жүсіпқалиев, Қайрат Джумағалиев, Мадияр Қуанышқалиұлы және Джаналиев Элгун Ахмед оглу марапатқа лайық деп танылды.

Айта кетейік, «Жалын – 2025» кеші Батыс Қазақстан облысында спортты дамытуға серпін беріп, жаңа жетістіктерге жол ашатын маңызды алаңға айналды.

30 декабря 2025
БҚО-да «Үздік волонтер» сыйлығы табысталды

Батыс Қазақстан облысында жыл бойы белсенді қызмет атқарып, қоғамға мейірім мен қолдау көрсеткен үздік еріктілер марапатталды.

Салтанатты шара барысында БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Кадралиев Дархан Қаныбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, волонтерлерге алғыс хаттар табыстады.

Волонтерлердің тынымсыз қызметі мен игі істері – өңірдің мақтанышы. Әрбір еріктінің қоғам дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланады.

30 декабря 2025
Батыс Қазақстан облысында жастар саясатын дамыту мәселелері бойынша маңызды кеңес өтті!

Бұл кеңес – өңірдегі жастар ресурстық орталықтары, волонтерлік ұйымдар, жастар бірлестіктері мен бастамашыл топ өкілдерін бір арнаға тоғыстырған ашық диалог алаңы болды.

    Кездесу барысында жастармен жұмыс жасауда кездесетін өзекті мәселелер, жаңа жобалар мен бастамалар, сондай-ақ нақты ұсыныстар мен шешім жолдары талқыланды. 

    Әсіресе жастардың қажеттіліктері мен қызығушылықтарын зерттеу, өңірлік жобаларды тиімді іске асыру және волонтерлік қызметті жүйелеу мәселелеріне басымдық берілді.

    Кеңес еркін форматта өтті, бұл – әр қатысушының ойы мен ұсынысын ашық жеткізуге мүмкіндік берді. 

   Мұндай кездесулер – жастар саясатын дамытудағы маңызды қадам. Себебі жастардың дауысы естілген жерде – нақты нәтижеге қол жеткізуге болады!

30 декабря 2025
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы Жастар кеңесінің отырысы өтті

Oблыстық жастар саясатын дамыту бағытындағы маңызды мәселелер талқыланған Жастар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Басқосуда жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, өңір жастарының бастамалары мен ұсыныстары тыңдалды.

 Отырыста жастар арасындағы әлеуметтік, білім беру, волонтерлік және қоғамдық белсенділікке қатысты өзекті мәселелер ортаға салынып, оларды шешу жолдары жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар, алдағы жылға жоспарланған жобалар мен жаңа мүмкіндіктер жайында пікір алмасу ұйымдастырылды.

Жастардың белсенді азаматтық ұстанымы мен тың идеялары өңірлік даму жолында маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

30 декабря 2025
«Алау-2025» далалық оқу-жаттығу жиыны өз мәресіне жетті

Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Алау-2025» далалық оқу-жаттығу жиыны 2025 жылғы маңызды әскери-патриоттық іс-шаралардың бірі ретінде табысты өтті.

Жиын аясында өңірдегі 16 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымынан 150-ден астам студент жастар қатысып, 7 түрлі әскери-спорттық ойын түрі бойынша өзара бақ сынады. Қатысушылар саптық дайындық, қаруды шашып-жинау, кедергілер жолағынан өту, тактикалық тапсырмаларды орындау секілді бағыттарда шеберліктері мен шыдамдылықтарын көрсетті.

Аталған оқу-жаттығу жиыны жастардың әскери дағдыларын жетілдіруге, патриоттық рухын нығайтуға және командалық бірлігін арттыруға зор үлес қосты.

Жалпы командалық есеп бойынша жеңімпаздар төмендегідей анықталды:

  • III орын — Бәйтерек колледжі
  • II орын — Орал гуманитарлық-техникалық колледжі
  • I орын — Орал ақпараттық-технологиялар колледжі

Жеңімпаз командалар дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Барлық қатысушыларға алғыс білдіре отырып, осындай игі іс-шаралар алдағы уақытта да жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыра түсетініне сенім білдіреміз.

30 декабря 2025
Батыс Қазақстан облысының волонтерлері бас қосты

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы волонтерлерінің облыстық форумы өтті. Аталған іс-шара өңір жастарының белсенділігін арттыруға және волонтерлік қозғалысты дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Форум аясында ұйымдастырылған панельдік секцияға БҚО әкімінің орынбасары Меңдіғалиев Қайыржан Ермекұлы қатысып, өңірдегі волонтерлік қозғалыстың даму қарқыны мен нақты көрсеткіштері туралы баяндама жасап, волонтерлік ұйым өкілдерімен ашық пікір алмасты.

Форумның қорытынды бөлімінде қоғамдағы волонтерлік қызметтің маңызы жан-жақты талқыланды. Спикерлер қатарында:

Исламғали Архат Жұбайұлы — «Аманат» партиясының БҚО бойынша «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы. Ол «Волонтерлік қызметтің әлеуметтік әсері: қоғамға қосқан үлес» тақырыбында сөз сөйлеп, жастар бастамаларының маңыздылығын атап өтті.

Сәбитов Әділет — Атырау облысындағы «Орта жастары» қоғамдық қорының төрағасы, облыстық жастар мәслихатының депутаты. Спикер «Волонтерлік қозғалысы: құндылықтан тұлғалық кемелденуге дейін» тақырыбында ой бөлісті.

Игизғали Сымбат Талғатқызы — Ұлттық волонтерлік желінің БҚО бойынша өкілі, сертификатталған волонтер. Ол «Волонтерлік қозғалысты дамытудағы заңнаманың рөлі» тақырыбында өз ұсыныстарын ұсынды.

Форум волонтерлік саласындағы тәжірибе алмасумен қатар, болашаққа бағытталған нақты идеялар мен ұсыныстарды ортаға салған маңызды диалог алаңы болды.

30 декабря 2025
Халықаралық студенттер күніне орай ұйымдастырылған «Менің елім – менің мақтанышым» облыстық патриоттық әндер байқауы өз мәресіне жетті.

Халықаралық студенттер күніне орай ұйымдастырылған «Менің елім – менің мақтанышым» облыстық патриоттық әндер байқауы өз мәресіне жетті. 

Өңіріміздегі 24 білім беру ұйымынан келген 40-тан астам өнерпаз студент ел тарихына, туған жерге деген сүйіспеншілікке арналған патриоттық әндер бағыты бойынша өзара бақ сынасып, ерекше өнерлерін көрсетті.

Бұл байқау – жас таланттардың кәсіби шыңдалуына, ұлттық рухты дәріптеуге және студенттер қауымында патриоттық тәрбиені нығайтуға үлкен үлес қосатын маңызды шара. Әрбір қатысушы сахнаға шығып, өнерімен Отанға деген құрметін, мақтанышын шын жүректен жеткізді.

  Байқау нәтижесінде үздіктер анықталып, арнайы марапаттар табысталды. Өнерпаз жастарымызды шын жүректен құттықтаймыз! Олардың жетістіктері – өңіріміздің мәдени өмірін байыта түспек.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы