
13 ақпан Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінде Кеңес әскерінің Ауған елінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауған соғысы-тарих қойнауының бір парағы» атты Ауған соғысы ардагерімен кездесу кеші оздырылды.
Іс-шарада Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Болатқызы, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Бижанұлы, Батыс Қазақстан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, майор Арман Иманғалиұлы сөз сөйлеп, ардагерлерге жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ұлттық құндылық, тарих пен мәдениет, салт-дәстүрімізді насихаттау асыл борышымыз екенін тілге тиек етіп, жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу жолында алдыңғы толқын ағалардың өмір жолын үлгі ету қажеттілігіне кеңінен тоқталды.
Шара барысында, М.Мәметова музейінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Ж.Айтбаевтың атынан өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге қосқан үлесі үшін алғыс хатымен және музей экскурсоводы Ақмарал Мұратова, БҚО тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Көктерек тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Жайсаң Сейткереев және музыка пәні мұғалімі Гүлжан Жанғали «Батыс Қазақстан облыстық Ауғанстан ардагерлер одағы» қоғамдық ұйымының төрағасы О.Пимоновтың атынан алғыс хаттармен марапатталды.
Аталмыш шараға ардагерлер, Батыс Қазақстан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлері, мектеп мұғалімдері, студенттер қатысты. Шара мерекелік концертпен аяқталды.