БҚО-да облыс соттарының 2023 жылғы жұмысы қорытындыланды

БҚО-да облыс соттарының 2023 жылғы жұмысы қорытындыланды


Бүгін, облыстық мәслихат залында БҚО облыс соттарының 2023 жылдың 12 айындағы жұмыс қорытындысы туралы баспасөз мәслихаты өтті. Оған сала мамандары мен БАҚ өкілдері қатысып, жыл қорытындысын тыңдап, облыстық соттың 2022 жылмен салыстырғандағы жұмысы туралы мәліметтер алды. Бақ өкілдері сұрақ қойып, сала мамандарының тиісті жауаптарын алды.

Атап айтар болсақ, азаматтық істер бойынша 2023 жылы 20541 талап арыз түсіп, 9182 іс қаралып шешімі шығарылған. Сондай-ақ, облыстық сот басшылығы сотта және соттан тыс бітімгершілік рәсімдерге ерекше назар аударып, жұмысты жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлей отырып, апта сайын мониторинг жүргізіліп отыратыны туралы Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқа төрағасы Тұрсын Сапашқызы айтып өтті.

«Жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында сот бекіткен деректердің дұрыстығы мен келісімдердің заңдылығын тексере отырып, бітімгерші-судьялардың жұмысына талдау әрбір жарты жыл сайын жүргізіледі. 2023 жылдың 12 айында 2522 азаматтық іс татуласу тәртібімен тоқтатылды, бұл аяқталған медиация істерінің жалпы санының 34%-ын құрады»,- деді ол.

Сондай-ақ, спикер облыс соттарында сот төрелігін жүзеге асыру сапасының 0,1%-ға жақсарғанын жеткізді.

Айта кетейік, 2023 жылы облыс соттарымен қаралған қылмыстық іс 2022 жылмен салыстырғанда 5,9 пайызға төмендеген.

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі