
Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев «Әділетті Қазақстан -Адал азамат» атты жас мамандармен кездесу жиынында республикамызда алғаш рет өңірімізде іске қосылғалы тұрған «Қаладан ауылға» пилоттық жобасымен таныстырды.
Облыс әкімі өз сөзінде ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген мақаласы аясында өңірімізде жүзеге асып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Мақалада қозғалған басты жобаларды жүзеге асыруда, әсіресе жастардың рөлі басым екенін айтқан өңір басшысы елімізде тұңғыш рет халықты қаладан ауылдық жерлерге көшіруге бағытталған «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы іске қосылатынын хабарлады.
Жиын барысында облыс әкімі жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске асыру мақсатында «Отбасы банк» АҚ БҚО филиалы басшысымен арнайы меморандумға қол қойды. Бұл меморандум нәтижесінде «Отбасы банк»-пен бірлесе 35 жасқа дейінгі жастарға жеңілдетілген несие берілмек. Осы орайда, БҚО-да тұрғын үй алуға 600 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, жас отбасыларды баспанамен қамту жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, іс-шарада еліміздегі Президенттік жастар кадрлық резерві жобасы туралы да айтылды. Батыс Қазақстан облысы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне іліккен 4 маман басқарушылық лауазымдарда жұмыс істеп жүр. Ал, биылғы іріктеленіп алынған жастардың екеуі Батыс Қазақстан облысының тумалары. Оларды қазіргі уақытта жұмысқа орналастыру бойынша тиісті шаралар атқарылып жатыр.