
Ағымдағы жылдың 9-тамыз күні «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Білімділер додасы» зияткерлік ойыны өтті. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өткен іс-шара Халықаралық жастар күніне орай аудан жастары арасында ұйымдастырылды. Оған аудандар арасынан үздіктерден құралған 11 жастар командалары қатысып, бақ сынады. Батыс Қазақстан облысы қоғамдық даму басқармасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба – ғылым мен білімді, қазақ халқының төл мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін дәріптеу, қатысушылардың бойынан зияткерлік дағдыларын байқау, ұлттың уызын, нәрін, сәнін жастардың бойынан табуға бағытталған. Тартысты доданың алғашқы шымылдығын БҚО қоғамдық даму басқармасы жастар ісі жөніндегі бөлімнің басшысы Мирфат Талғатұлы ашып, барша жастарды мерекемен құттықтап, зияткерлік ойынға белсенді түрде қатысып жатқан барша аудандар құрамасына сәттілік тіледі. Әрмен қарай, зияткерлік ойын білгірлер бәсекесіне ұласты. Алғашқылардың бірі болып ойынға Жаңақала құрамасы шығып, өз зейіндерін таныта білді. Одан өзге «Ақжайық», «Сырым», «Бөрлі», «Қаратөбе» және тағы да басқа аудандар командасы да өз білімдерін дәйектемелермен дәлелдей білді. Сайыс нәтижесі бойынша, бабы мен бағы келіскен зияткерлер үздіктер қатарынан көрініп жеңіске қол жеткізді. Аудан жастарының ішінде 11 команда арасынан 3-орынды Теректі ауданы, жүлделі 2-орынды Тасқала ауданы құрамасы жеңіп алды. Ал, білгірлігін танытып, көрнекті ойын өрнегін көрсете білген Сырым ауданының құрамасы «Білімділер додасында» 1-орын иегері атанды. Барша білімділер додасына қатысқан команда мүшелері алғыс хатпен, жеңімпаздар арнайы статуеткамен марапатталды.