Ағымдағы жылдың 21 қазан күні "Атамекен" өнер ордасында өткен шара 25 қазан - Республика күні ұлттық мерекесі аясында өрбіді. Форумға БҚО әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі: - Мағжан Жұмабаев атамыз "Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін" деген еді. Қай заманда болмасын жастар қоғамның қозғаушы күші болған. ҚР Президенті Қ.Тоқаев Республика күнін ұлттық мереке деп бекітіп, батысқазақстандықтар аталмыш мерекені патриоттық форум ұйымдастыру арқылы мән-мағынасын жастар арасында насихаттауды құп көрді. Әнұранымыз қалықтап, көк Туымыз желбіреп, жастарымыз дарынды һәм арынды болғай, - деді өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы. Форум аясында жастардың жаңа және бұрыннан бар бастамаларына мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталды.Сонымен қатар, облыс басшысы «Жастар жалыны» студенттер спартакиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.Патриоттық форумда ұлтымыздың тарихы мен ұлы тұлғаларының жүрген жолы арнайы көрініс арқылы суреттеліп, жастар рухты бағыттағы әндерді облыс өнерпаздарымен бірге шырқады.Атап өту керек, өнер ордасын лық толтырған әр жастың қолында еліміздің көк Туы болды. Жастар бір мезетте Туымызды желбіреткенде зал ерекше кейіпке бөленіп, жанға тылсым бір күй кештірді. "Қазақстанымыз алға!" , "Ақжайық жасасын!" деген ұрандар жанарға от, кеудеге мақтаныш сезімін ұялатты. Шара соңында "Атамекен" төрінде Ескендір ағамыздың "Атамекен" әні әуелеп, оны БҚО әкімі Нариман Төреғалиұлы облыс жастарымен қосыла шырқады.