
Бұл туралы бүгін БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев айтты.
«БҚО өткен тәулік ішінде коронавирустық инфекциямен 41 жағдай тіркелді, оның ішінде 22 жағдайда ауру белгілері бар болса, 19 жағдайда ауру - симптомсыз. Қарым-қатынаста болғандар арасында – 29 жағдай, ЖРВИ белгілерімен тексерілгендер арасында - 10 жағдай, профилактикалық мақсатта тексерілгендер арасында - 2 жағдай тіркелді», - деп мәлімет берді Нұрлыбек Мұстаев.
Оның айтуынша, 01.11.2020ж. – 26.11.2020ж. аралығында облысымызда мемлекеттік шекарадан барлығы 21468 адам өткен, оның ішінде 3933-і – жолаушы. COVID-19 анықтамасынсыз - 423 жолаушы өткен. Анықтамасыз жолаушылар 3 тәулікке карантиндік стационарға орналастырылып, ПТР әдісімен COVID-19 тест алынып, оның 7-еуінде тест қорытындысы оң нәтиже көрсеткен.
БҚО арқылы өткен 2 жақты қатынаста халықаралық жүк тасымалдарын жүзеге асыратын жүргізушілер саны - 7641, оның ішінде 4841 жүргізушінің анықтамалары бар. Ал 2800 жүргізушіде анықтама жоқ болуы себепті олардан ПТР әдісімен COVID-19 тест алынып, қорытындысында тест 23 адамда оң нәтиже көрсеткен.
Үстіміздегі жылдың қараша айынан бері облыс бойынша барлығы 38969 адам зертханалық тексеруден өтті, ал індет басталғалы – 200567 адамнан сынама алынған. Бүгінгі күні облыс ПТР диагностикасы үшін 56963 зерттеуге арналған 1139 тест-жүйесімен қамтамасыз етілген.