Кадастрлық цифрлық сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшеді
Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жаңа мемлекеттік координаттар жүйесі QazTRF-23-ке көшеді. Сол себепті демалыс және мереке күндері, 2026 жылғы 23 қазан сағат 19:00-ден 27 қазан сағат 00:00-ге дейін ЖМБМК мен Жария кадастрлық картасында техникалық жұмыстар жүргізіледі.
Технологиялар дамыған сайын координаттарды анықтау тәсілдері де жаңаруды қажет етеді. Бұрын координаттар спутниктік технологиялар пайда болмай тұрып жасалған әдістермен анықталса, бүгінде заманауи технологиялар бұл жұмысты дәлірек орындауға мүмкіндік береді. Жаңа координаттар жүйесіне көшу – әлемдік тәжірибе және Қазақстан да осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі кеңістіктік деректер, цифрлық карталар мен сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшіріледі.
QazTRF-23 – ескірген геодезиялық жүйелердің орнына іске қосылған заманауи әрі ашық мемлекеттік координаттар жүйесі. Оның көмегімен Қазақстан аумағындағы жер учаскесінің, ғимараттың, жолдың немесе басқа да обьектінің орналасқан жері анықталады.
Аталған күндер аралығында жер кадастрына, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеруге және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге қатысты мемлекеттік қызметтерге өтініш қабылданбайтынын ескерген жөн. Бұл ретте, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы электрондық анықтамаларды цифрлық сервистер арқылы алу мүмкіндігі сақталады.
Алдағы өзгерістерге байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтар мен ұйымдарға қажетті мемлекеттік қызметтерді алуды алдын ала жоспарлауды ұсынады. Техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін цифрлық сервистер әдеттегі тәртіпте жұмысын жалғастырады.
Ақпараттық қауіпсіздік саясатын жүзеге асыру және жетілдіру бойынша семинар кеңес ұйымдастырылды.
Ағымдағы жылдың 28 қыркүйегінде Теректі ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Киберқауіпсіздік» саласындағы заңнамалық өзгерістер, Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бұзушылықтардың алдын алу бойынша кеңес өтті. Аталған кеңесте аудандық полиция бөлімінің қатысуымен дербес бөлім және округ мамандарына алаяқтық фактілерінің алдын алу профилактикасы бойынша мәселелер қаралды. Сонымен қатар, Қазақстандағы Кибермәдениет айлығы аясында «Киберқауіпсіздік» саласындағы заңнамалық өзгерістер талқыланып, мекемелердегі Ақпараттық қауіпсіздік саясатын жетілдіру бойынша және ұйымдастыру бойынша мәселелер қаралды.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша онлайн семинар өтті
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Теректі ауданы әкімі аппаратының бастамасымен ауылдық округтер мен дербес бөлім мамандарының қатысуымен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша онлайн семинар кеңес өткізілді. Іс-шара барысында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңдылықтарды сақтау және бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қаралды.
Елімізде 100 жастан асқан 44 зейнеткер бар
1 қазан - Қазақстанда Қарттар күні атап өтіледі. Бұл айтулы дата - аға буынның өмірлік тәжірибесі мен атқарған еңбегін ұлықтайтын күн. Бүгінде олардың басым бөлігі - зейнеткерлер. Қарттардың әрқайсысының артында адал еңбек, пен еліміздің қалыптасу кезеңдеріндегі тарихи үлесі жатыр.
Қазіргі таңда республика бойынша 2,4 миллионнан астам азамат зейнетақы төлемдерін алады. Гендерлік құрылымға сүйенсек, зейнеткерлердің 64%-ын әйелдер, ал 36%-ын ер адамдар құрайды. Осылайша, зейнетақы төлемдерін алатындардың жалпы санының үштен екісі әйелдер қауымына тиесілі.
Бұдан бөлек, еліміз бойынша 44 зейнеткер жүз жасты алқымдағандар қатарында. Олардың арасында өмір жолы өнегеге толы азаматтар аз емес. Әйел адамдар ішінде еліміздегі ең жасы үлкен зейнеткер Шымкент қаласында тұрады. 106 жастағы кейуана бүгінде өнегелі отбасының ортасында, жақындарының мейірімі мен қамқорлығына бөленіп отыр.
Ал ер азаматтар арасындағы ең жасы үлкен зейнеткер - Алматы қаласының 104 жастағы тұрғыны - Зұлқарнай Сейітов. Ұлы Отан соғысының ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Зұлқарнай Сейітов Сталинград шайқасынан Берлинге дейінгі майдан жолын басып өткен. Соғыстан кейін өмірін ғылым мен педагогикаға арнап, ондаған жылдар бойы жемісті еңбек етті. Ол 150-ден астам ғылыми еңбектің, монографиялар мен оқу құралдарының авторы. Ардагер «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін» және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
Қазақстандық ғасыр куәгерлерінің тағдыры - замандар сабақтастығы мен ұрпақтар байланысының айқын көрінісі. Олардың жылдар бойы атқарған еңбегі, төзімділігі мен кәсіби жетістіктері мемлекетіміздің бүгінгі дамуына берік негіз болды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздің дамуына қосқан үлесі үшін барша аға буын өкілдеріне құрметі мен алғысын білдіріп, барша отандастарымызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасылық береке тілейді.
1 қазаннан бастап кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО мекенжайлары өзгереді
«1 қазаннан бастап кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО мекенжайлары өзгереді», — деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы.
Орал қаласындағы Жамбыл көшесі, 81 мекенжайында орналасқан №1 ХҚКО енді кезекші кесте бойынша: дүйсенбі-жұма күндері сағат 9:00-ден 20:00-ге дейін, түскі үзіліссіз, сенбі күні — сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін жұмыс істейді.
Ал Орал қаласындағы Исатай-Махамбет көшесі, 84 мекенжайындағы №2 ХҚКО қалыпты жұмыс кестесіне көшеді: жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін, сенбі және жексенбі — демалыс күндері.
Айта кетейік, Жәңгір хан көшесі, 160 мекенжайында орналасқан кезекші мамандандырылған ХҚКО бұрынғы жұмыс кестесі бойынша жұмысын жалғастырады: дүйсенбі-жұма күндері сағат 18:00-ге дейін, дайын құжаттарды беру — сағат 20:00-ге дейін; сенбі күні — сағат 9:00-ден 12:00-ге дейін, дайын құжаттарды беру — сағат 13:00-ге дейін.
ХҚКО-ға баруды жоспарлау кезінде көрсетілген өзгерістерді ескерулеріңізді сұраймыз.
Үйге барып қызмет көрсету аясында ерекше қажеттілігі бар 9 мыңнан астам азамат қамтылды
Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы үшін мемлекеттік қызметтердің баршаға бірдей қолжетімді болуы маңызды. Денсаулық жағдайына байланысты ХҚКО-ға өзі келе алмайтын ерекше қажеттілігі бар жандарға және жүріп-тұруы шектелген тұрғындарға мамандар үйіне барып, тегін қызмет көрсетеді.
2026 жылдың басынан бері Мемлекеттік корпорация мамандары 12 мыңға жуық азаматтың үйіне барып, 9 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Үй жағдайында көрсетілген қызметтердің ішінде сұранысқа ие болғандардың қатарында паспорт пен жеке куәлік беру, электрондық цифрлық қолтаңба рәсімдеу және тұрғын үй көмегін тағайындау бар.
Маманды үйге шақыртып, мемлекеттік қызмет алуға I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, сондай-ақ денсаулық жағдайына байланысты жүріп-тұруы шектелген азаматтар құқылы.
Маман шақыру үшін Мемлекеттік корпорация сайтындағы «Қызметтер» бөлімі арқылы немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, өтінім қалдыру қажет. Бұдан кейін қызметкер азаматтың үйіне барып, қажетті құжаттарды қабылдайды. Дайын болған қызмет нәтижесі көрсетілген мекенжайға тегін жеткізіледі.
Еске сала кетейік, ХҚКО-ға өзі келетін ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін барлық жағдай жасалып, кедергісіз жайлы орта қалыптасқан. Ал кезексіз қызмет алуға құқылы келушілерге арнайы жеңілдік терезелері арқылы жедел қызмет көрсетіледі.
Сонымен қатар, еліміздегі барлық фронт-офистер ыңғайлы пандустармен, көмек шақыру батырмаларымен, көру қабілеті шектеулі жандарға арналған тактильді тақталармен және арнаулы арбалармен қамтылған.
Қазақстандықтар жыл басынан бері бала тууына байланысты 200 мыңнан астам біржолғы мемлекеттік жәрдемақы рәсімдеді
Сәбидің дүниеге келуі - кез-келген отбасы үшін зор қуаныш. Бұл маңызды оқиға тиісті мемлекеттік жәрдемақыларды рәсімдеу сияқты жауапты міндетпен толығады. Ата-аналар бала тууына байланысты жәрдемақыны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ала алады. Биылғы жылдың 8 айында бала тууына байланысты біржолғы төлемді 200 мыңнан астам отбасы рәсімдеген.
Бұл ретте қызметті проактивті түрде алу мүмкіндігі болғандықтан, жәрдемақы рәсімдеу үшін ХҚКО-ға арнайы бару міндетті емес. Бала тууы тіркелгеннен кейін ата-ананың біріне SMS-хабарлама жолданады. Жәрдемақы алуға келісімін растап, банк шотын көрсеткеннен кейін төлем автоматты түрде тағайындалады.
Рәсімделген төлемдердің басым бөлігі оңтүстік өңірлер мен республикалық маңызы бар қалаларға тиесілі. Мемлекеттік қолдауға ие болғандар саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Онда 28 мыңнан астам отбасы жәрдемақы алған. Екінші орында 19 мыңнан астам төлем рәсімделген Алматы қаласы тұр. Ал үздік үштікті 17 мыңнан астам отбасы жәрдемақы алған Астана қаласы түйіндейді.
Мемлекеттен берілетін біржолғы қаржылай көмек мөлшері нәрестенің дүниеге келген кезегіне байланысты. 2026 жылы бірінші, екінші немесе үшінші бала дүниеге келгенде 164 350 теңге берілсе, одан кейін туған балаларға берілетін жәрдемақы құны 272 475 теңгені құрайды.
Ата-аналар құжаттарды бала туған күннен бастап 18 ай ішінде рәсімдеуі маңызды. Себебі аталған мерзім өткеннен кейін, жәрдемақы алу құқығы жойылады.
Жәрдемақыны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 7 жұмыс күні ішінде, ал электронды үкімет порталы мен екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы 4 жұмыс күні ішінде рәсімдеуге болады.
Қазақстанда жыл басынан бері 74 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерді
Қазақстанда жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде отбасы құндылықтарын дәріптеп, жанұядағы өзара түсіністік пен қолдаудың маңызын айқындайтын Отбасы күні атап өтіледі. Осы айтулы мереке қарсаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздегі неке қию көрсеткіштеріне қатысты статистиканы ұсынады.
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 74 648 неке ресми түрде тіркелді. Оның жартысынан астамы жаз айларына тиесілі. Неке қиюға деген белсенділік жаз мезгілінде артып, дәл осы кезеңде көптеген жұп отбасын құру туралы шешімін ресми түрде бекіткен.
«АХАТ функциялары 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Мемлекеттік корпорацияға берілді. Содан бері біздің қызметкерлер шамамен 400 мың неке тіркеп, 1 миллионнан астам туу туралы куәлік берді. Әрбір көрсетілген қызметтің артында азаматтардың өміріндегі маңызды оқиғалар тұр. Сондықтан біз қызмет көрсету үдерістерін жетілдіруге, цифрлық сервистерді дамытуға, мемлекеттік қызметтерді азаматтар үшін барынша ыңғайлы, қолжетімді және сапалы етуге басымдық беріп келеміз»,- деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Еліміздің барлық өңірінде шаңырақ көтеріп, жаңа отбасы құруға деген ұмтылыс жоғары. Дегенмен, неке қию көрсеткіші бойынша ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан өңірлер алдыңғы қатарда. Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында тіркеліп, мұнда 12 344 неке қиылған. Екінші орында Астана қаласы тұр, онда 9 074 жұп өз қарым-қатынасын ресми түрде рәсімдеген. Ал үшінші орында 5 611 неке қиылған Түркістан облысы тұр.
Биыл маусым айы неке қию көрсеткіші бойынша көш бастады. Осы кезеңде 15 мыңнан астам жұп өз қарым-қатынасын ресми түрде рәсімдеді. Тамыз айында 11 761 жұп шаңырақ көтерсе, шілдеде бұл көрсеткіш 11 674-ті құрады. Жалпы, жаз айларында елімізде 38 мыңнан астам жұп отбасын құрды. Бұл 2026 жылдың сегіз айында қиылған некелердің жалпы санының жартысынан астамын құрайды.
Неке тіркеу – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің бірі. Неке тіркеуге өтінішті тіркеуші органға тікелей жүгіну арқылы, электронды үкімет порталы арқылы онлайн форматта, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.
Камбоджа Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландыру тәжірибесін меңгеруде
Камбоджа Корольдігі Ішкі істер министрлігінің делегациясы мемлекеттік қызметтерді көрсету жүйесін цифрландыру мен модернизациялаудағы қазақстандық тәжірибені үйрену мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына барды.
Сапар барысында шетелдік қонақтар фронт-офистердің жұмысымен, өтінімдерді қабылдау және дайын құжаттарды беру процесімен, сондай-ақ азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасы мен жылдамдығын арттыруға бағытталған заманауи шешімдермен танысты.
Қолданыстағы жүйенің ауқымы делегацияға Қазақстандағы халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді ұйымдастыру барысын іс жүзінде көруге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда елде жұмыс істейтін 318 фронт-офистарында азаматтарға мемлекеттік қызметтің 1330 түрі қолжетімді. Оның 1272-сі электрондық үкімет порталы арқылы онлайн-форматта көрсетіледі.
Сапар аясында делегацияға Кайдзен қағидаттары бойынша жобаланған, өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары кеңейтілген заманауи «Халыққа қызмет көрсетудің цифрлық офистері», сондай-ақ азаматтарға дайын құжаттарды 24/7 режимінде алуға мүмкіндік беретін постаматтар таныстырылды.
Камбоджа өкілдерінің ерекше қызығушылығын цифрлық технологиялар мен биометриялық сәйкестендіруді ұштастыратын цифрлық ХҚКО-ның жаңа форматы – AI-офистер тудырды. AI-офистер үш функционалдық аймақты қамтиды: SELF – өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы анықтамалар алуға, DIGITAL – онлайн қызметтерді рәсімдеуге және ASSIST – күрделі мәселелерді консультанттың көмегімен шешуге бағытталған.
Камбоджа Ішкі істер министрлігінің өкілдері таныстырылған цифрлық шешімдердің тиімділігі мен практикалық маңызын жоғары бағалады. Делегация мүшелері мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін цифрландыруға, өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге және заманауи технологияларды енгізуге ерекше қызығушылық танытты. Қазақстанның бұл бағыттағы тәжірибесі Камбоджада мемлекеттік қызметті көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту және жетілдіру барысында пайдалы болатынын атап өтті.