
«Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазан аралығында праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойған болатын. Осыған орай партияішілік іріктеу(праймериз) туралы мәселелерді түсіндіру мақсатында Теректі ауданына «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары Мұрат Мұқаев, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы аппаратының бақылау және ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Кенжәлі Төремұратов, партияның облыстық филиалы саяси бөлімінің меңгерушісінің уақытша міндетін атқарушы, облыстық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев келді.
Аудандық мәдениет үйінде өткен жиынға Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов жетекшілік етті. Семинар бағытында өткен басқосуға «Nur Otan» партиясының облыстық, аудандық филиалындағы қызметкерлер, филиал жанындағы ұйымдастыру комитеті, есеп комиссияларының мүшелері қатысты. Аудан бойынша праймеризге дайындық барысы туралы «Nur Otan» партиясы Теректі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мирхат Ибраев мәлімдеме жасады.
Семинарда сөз алған «NurOtan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Рахметұлы партияішілік іріктеу бұған дейін де өткенін, алайда бұл іріктеу ашықтықты, жариялылықты жалау ететінін атап өтті. Сонымен қатар, праймериз өткізудің қадамдық жоспарына кеңінен тоқталды. «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің меңгерушісі Кенжәлі Жанғалиұлы кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары мен оларға дауыс беру тәртібі туралы, ұйымдастыру мен есеп комиссияларының жұмысын айтты. Ал, «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Нұрғали Қаршығаұлы кандидаттар арасында дебат өткізудің тәртіптері, пікірсайыстың қандай форматта өткізілетіндігіне шолу жасады.
Семинарға қатысушылар өз сауалдарын қойып, тұшымды жауап ала білді. Аудан басшысы қонақтарға теректіліктердің алғысын жеткізді.