
Аудан әкімі Әділ Жоламанов түрлі мәселелер бойынша азаматтарды онлайн қабылдады. Аудан басшысының қабылдауына жеті адам жазылса, оның көпшілігі жер және үй кезегі мәселелері бойынша сұрақтарын қойды. Атаулы әлеуметтік көмек мәселесі бойынша да хабарласып, көмек сұрағандар да болды. Онлайн қабылдау барысында Әділ Тауфиқұлы әр көтерілген мәселеге жауапты мекемелер мен дербес бөлім басшыларына тапсырма беріп, айтылған жайттың аяқ асты қалмауын ескертті. Керек болған жағдайда өтініш түсірген жеке тұлғалардың үйіне барып, жағдайымен көзбе-көз танысуды тапсырды.
Бейне байланыс арқылы тікелей байланысқа шыққандар ішінде ауданның экономикалық әлеуетінің артуына үлес қосуға ынта білдірген жандар да бар. Аудан басшысы ауылға инвестиция салып, ел дамуына септігін тигіземін деген азаматтардың болашақ жоспарымен танысып, заң шеңберінде қолдау көрсететінін жеткізді.
Елдегі жағдайға байланысты карантин режимін қатаң сақтай отырып, азаматтырды қабылдау кезінде цифрлы технологияны қолдану – тиімді тәсіл. Себебі шалғайдағы ауыл тұрғындары арнайы аудан орталығына келіп жүрмей, жергілікті деңгейде тікелей аудан басшысымен тілдесіп, көкейдегі көптеген мәселелерін шешуге мүмкіндік мол.
Әділет ӘЛІБЕК