
Теректі аудандық әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Тілек Габдушевтің төрағалығымен жиын өтті. Оған аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары және онлайн форматта округ әкімдері қатысты.
Жиынның күн тәртібіндегі жалғыз мәселе-аудандық білім беру бөлімі басшысын таныстыру. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, облыстық білім басқармасының өкімімен Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы болып Максим Энгелұлы ЭНГЕЛОВ тағайындалды.
Максим ЭНГЕЛОВ - 1978 жылы 10 наурызда дүниеге келген. Жоғары білімді. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1999 жылы Подстепный қазақ ЖОББМ-де бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған.
Әр жылдары Теректідегі "Іс үшін-За дело" ЖҚБ төрағасы, Придорожный ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы, аталмыш округ әкімі, Теректі ауданы әкімінің көмекшісі, Ақсуат ауылдық округі әкімі, Федоровка ауылдық округі әкімі секілді жауапты қызметтерді атқарған.
2022 жылдың ақпан айынан күні бүгінге дейін Бәйтерек ауданы, Мичурин ауылдық округі әкімі орынбасары болған.
Аудан басшысы Тілек Александрұлы жаңа басшыға сәттілік тіледі. Сонымен қатар,осы кезге дейін ауданның білім беру бөлімін басқарып,жемісті еңбек еткен Жанаргүл Хусаиноваға Алғыс хат табыстап, естелік сыйлық ұсынды.
Аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Жақсыгерейұлы сөз алып, Жанаргүл Жеңісқызының ауданның білім беру саласына қосқан үлесі ерекше екендігін тілге тиек етті.
Ал жаңа басшыны ұжымға аудан әкімі орынбасары Дамир Гумаров таныстырды.