Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Теректіліктермен кездесті

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Теректіліктермен кездесті

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» жолдауында сайлау үдерістеріне бірқатар жаңғырту енгізу жөнінде тұщымды бастамалар айтқан болатын. Сол бастамаларды жүзеге асыру, енгізілетін өзгеріс-жаңалықтарды халықпен бірге талқылау мақсатында сапарға шыққан Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Теректі жұртшылығымен кездесті.

Сапарын Қызылорда облысынын бастаған төраға оншақты өңірді аралып шыққан екен. Қай жерде де осындай кездесулерге халық ықыласты қатысып, ұсыныс-пікірлерін айтып отырған. Теректі жерінде де дәл солай, еркін түрде өткен кездесуде Нұрлан Мәжитұлы қолданыстағы сайлау жүйесінің олқы тұстарын айтып, енгізілетін өзгерістер жайында баяндады.

Халық сайлау үдерісіне немқұрайлы емес екен. Сұрақ қойып, ұсыныстарын да айтты. Мысалы, Теректі аудандық мәслихаты хатшысы Әлжан Нұрғалиев сайланған ауыл әкімдерінің еңбек  қатынастары жайында сұрақ қойып, Орталық сайлау комиссиясының заң бөлімі басшысының орынбасары Мейрамбек Қаныбековтен толық жауап алды. Теректі аудандық  аумақтық сайлау комиссиясының ұсыныстарын жұмыс тобы жазбалай түрде алып кетті.

Былтыр өткен ауыл әкімдерін сайлауда Подстепное ауылдық округі әкімі болған Сержан Мәдиев сайлауға түсу тәжірибесі жайлы айта келіп, «Халық сайлаған әкімнің жауапкершілігі артады. Мен өзім соны анық сезіндім» деді.

Жылы қарым-қатынаста өткен кездесу соңында Нұрлан Мәжитұлы «Қазірдің өзінде сайлау жүйесіне байланысты халықтан үш жүзге тарта ұсыныс түсті. Енді оларды талқылаймыз, жүйеге келтіреміз. Содан соң сайлау үдерісін жаңғыртуға кірісеміз» деді.

Теректі ауданының жұртшылығымен кездескеннен кейін Орал қаласында облыстық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының тұрақты негізде жұмыс жасап жатқан мүшелерімен кездесіп, қолданыстағы сайлау жүйесіне қатысты ұсыныстарын жазбалай түрде алып кетті.

 

Камелия ҚАРЕКЕСОВА