
2005 жылы Будапештте (Венгрия) өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясында әр жылдың ақпанның алғашқы бейсенбісі сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде белгіленіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен осы күні барлық елдерде Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі.
Аталған мереке биылғы жылдың үшінші ақпанына сәйкес келіп тұр.
Жалпы сайлауды ұйымдастыру, оны өткізу саласының мамандары Дүниежүзілік сайлау күнін белгілей отырып, азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуді, тұрғындардың сайлауға белсенді қатысуын мақсат тұтады.
Осы күнді өткізудің басты міндеттері – қоғам санасында демократияландыру процесінің қайтымсыздығын бекіту, сайлау процесіндегі жетістіктер туралы жұртшылықты хабардар ету және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға бейімділікті қалыптастыру.
Сайлауда әркімнің даусы ерекше маңызды. Кез келген адам өзінің бүгінгі күнгі нақты өмірі арқылы болашаққа ыкпал етеді. Болашақ кез келген адамның бүгінгі жасаған таңдауы арқылы айқындалады. Адамдардың дауыстары жинақталады, ал басым көпшіліктің дауысын иеленген кандидат немесе саяси партия елдің болашақтағы дамуын айқындайды. Сайлаудың маңыздылығы және сайлаудағы әрбір дауыстың маңыздылығы да, міне, осында. Демократиялық қоғамның кез келген саналы азаматы өзінің белсенді сайлау құқығын тек қана құқығы ретінде емес, міндетім деп қабылдауы қажет. Кімді сайлау керектігін айқындау үшін саяси сауатты болуы, айналамызда болып жатқан оқиғалардан, саяси партиялардың және олардың жетекшілерінің іс-әрекеттерінен, көзқарастарынан хабардар болу керек.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа толған азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік береді.
Біздің еліміз тәуелсіздік алғаннан бері әр түрлі деңгейдегі Қазақстан Республикасы Президенті, Парламент және жергілікті облыс, аудан мәслихат депутаттарының сайлауларын өткізіп келдік.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегi Қазақстан халқына Жолдауында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2021 жылғы 15 қаңтардағы VII шақырылымдағы Парламенттiң бiрiншi сессиясында айтылған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердiң, ауылдық округтердiң әкiмдерiн тiкелей сайлауды енгiзу туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Аталмыш заң аясында елімізде өткен жылы 25 шілдеде алғаш рет жергілікті ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілді. Осы заң шеңберінде біздің ауданда 2021 жылдың шілде және қараша айларында бес ауылдық окугтерде (Ақжайық, Ақсуат, Подстепное, Приречный және Шалқар) сайлау өтіп, ауыл тұрғындары өз таңдауларын жасады. Ендігі жерде осы заң талаптарына сай, ауыл, аудан және облыс әкімдерінің сайлауы кезең кезеңімен өткізілетін болады. Бұл өз кезегінде жергілікті жердегі ауыл тұрғындарына өздерінің қалаған басшыларын сайлап алуға зор мүмкіндік. Сондықтан да еліміздің соның ішінде аудан, ауылымыздың дамуына бей-жай қарамайтын әрқайсымыз осы бір саяси науқандарда Конституциялық құқығымызды пайдалана отырып, өз еркімізді білдіру баршамыздың борышымыз. Жалпы біздің аудан сайлаушылары әр деңгейдегі саяси науқандардың барлығында да белсенділіктерін танытып келеді. Алдағы уақытта да жергілікті өзін-өзі басқаруды және азаматтық қоғам институттарын дамыту арқылы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге бағытталған институционалдық реформаларды іске асыруда белсенді азаматтық ұстаным танытатынына сеніміміз мол.
Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясы