ПОЛИЦИЯ – ҚАДАМДЫҚ ҚОЛЖЕТІМДІ

ПОЛИЦИЯ – ҚАДАМДЫҚ ҚОЛЖЕТІМДІ

Теректі ауданына БҚО Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов іс сапармен келді.

Жұмысын аудан әкімі Тілек Габдушевпен бірге аудан орталығындағы Федоровка қазақ мектебінен бастады. Алдымен ол бейнебақылау жүйелерін тексеріп, сыныптарға бас сұқты. Одан соң Федоровка №1 мектебінің жанынан ашылған модульді полиция бекетінде болды.

Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданда екі ауылда – Подстепное мен Федоровкада полиция қызметінің модульдік бекеті іске қосылды. «Полицияның қадамдық қолжетімділігі» қағидатын қамтамасыз етудің негізі болатын осындай бекеттер құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтауда оңтайлы қызмет атқарады. Полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов осындай тәртіпте жұмыс жасауға көшкен бекеттердің жұмысымен де танысты.

Аудан әкімі Т.Габдушев, БҚО Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры М. Аблазимов, облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері, аудан активі, қоғамдық кеңестер мүшелері, заңгер-медиатор қатысқан жиында Теректі аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ж.Иманәлиев аудандағы полиция құрамы, атқарылған шаралар мен жағдайды баяндады.

Сөз алған аудан әкімі Тілек Габдушев мектептердің қауіпсіздігі жайында айтып: -Бізде барлық мектепте бейнекамералар орнатылған. 6 мектеп аудандық ішкі істер бөлімінің орталықтандырылған басқару жүйесіне қосылған. 928 бақылау камерасын қондырдық, соның 546 данасы – ішкі, 382 - сыртқы. 17 мектепте күзет қызметін көрсететін «КМС» ЖШС дабыл түймелері бар. Және тоғыз мектепте арнайы күзет жұмыс жасайды,- деді.

Қорытынды сөзде Масхудхан Нұғманұлы жиынға қатысушыларды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады. Осы жерде жиынға қатысушылар қойған бірқатар сұрақтарға жауап берді.