
Ауыл әкімдерін сайлау – демократияның жарқын белгісі. Қазіргі таңда тұрғындар ауыл басшысын өздері таңдайтындығы көпке мәлім.
Мемлекет басшысы өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізудің қажеттігін айтқан болатын. Осы орайда қарашаның 28-і күні Шалқар ауылдық округі әкімі лауазымына өткізілген сайлау нәтижесінде, Сабырбек Мусин 382 (64,64%) дауыспен жеңіске жетті. Сөйтіп, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына сәйкес, Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының №39 шешімімен Шалқар ауылдық округінің әкімі болып сайланды.
Бүгін жаңа сайланған округ әкімі өз қызметіне кірісті. Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Арсен Бисенғалиев Сабырбек Мусинге Шалқар ауылдық округінің әкімі болып сайланғаны жөнінде куәлік табыс етіп, халық сайлаған әкімнің тұрғындар көңілінен шығарына сенім білдірді. Округ активіне Сабырбек Аманбекұлын таныстырған Теректі ауданының әкімі Тілекқабыл Александрұлы Габдушев жұмысына сәттілік тіледі.