Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес, 2021жылдың 25 шілдесі күні ауылдық округ әкімдерінтұңғыш рет тікелей халықтың дауыс беруі арқылы әкім сайлауы өткен болатын. Осы орайда Теректі аудан әкімі Арман Өтеғұлов Ақжайық, Подстепный, Ақсуат және Приречное ауылдық округтерінің жаңа әкімдерін құттықтап, тұрғындарға таныстырды. Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссия төрағасы Кенжеғұлов Булат Мұхитұлы мен төраға орынбасары Бисенғалиев Арсен Бақытжанұлы 2021 жылдың 27 шілдесіндегі сайланған ауылдық округтері әкімдерін тіркеу туралы шешімдеріне жәнеаудан әкімінің ауылдық округ әкімдерін тағайындау туралы өкімдеріне сәйкес ауылдық округтері әкімдеріне куәліктер табыстады.
Алдымен аудан басшысы Ақжайық ауылдық округінде болды. Жергілікті тұрғындарға сайланған әкім Болат Қадралиевті таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі. Тағайындалған әкімге алдағы жасалу керек жоспарларды қолға алуды, соның ішінде су мәселесі, егістік жайы , бастысы халықтың мұң-мұқтажына құлақ асу керектігін қадап айтты. Ауыл тұрғындары атынан ардагер Тілекқабыл Сағымбаев сөз сөйледі.
Подстепный ауылдық округіндегі кездесу барысында аудан басшысы халықтың басым қолдауына ие болып, 81.6% пайыз дауыс жинаған Сержан Мәдиевті құттықтады. Подстепный ауылдық округінің әкімі Сержан Сәлімбайұлы сайлауалды бағдарламасында көрсетілген мәселелерді шешуді өз жауапкершілігіне алып, толық орындауға уәде етті.
Тұрғындар атынан Подстепный қазақ мектебі директорының міндетін атқарушы Марат Сыхов сөз алып, Сержан Мәдиевтің атқарған қызметіне көңілдері толатынын жеткізіп, алдағы жоспарларына сәттілік тіледі.
Теректі ауданы әкімі Арман Кәрімұлы Ақсуат ауылдық округіне ат басын бұрып, халық таңдап, сенім артқан Жаннұр Ахметов әкімдікке тағайындады. Сайлау кезінде Жаннұр Бекбауұлы жергілікті тұрғындардың 73.8% пайыз дауысын жинаған еді. Аудан басшысы осы кезге дейін Ақсуаттың әкімі болған Максим Энгеловке алғыс айтып, алдағы жұмысына жетістік пен жеңіс тіледі.
Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Тоқтамыс Дәукенов өзекті мәселелерді тілге тиек қылып, жаңа әкім ауыл бойынша қордаланған жайттардың шешімін табатынына сенім білдірді.
Приречное ауылдық округі әкімі болып тұрғындардың 73,1% пайыз дауысын иемденген Мейрамбек Жақсыбеков тағайындалды. Халық алдында аудан басшысы сайланған әкімнің жұмысына сәттілік тіледі. Ауыл тұрғындары атынан Рамазан Давлетов сөз сөйледі.
Балнұр ҚУАНЫШҚЫЗЫ