ТЕРЕКТІЛІК ҮЙІРМЕШІЛЕР ЧЕМПИОНАТТАН ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ

ТЕРЕКТІЛІК ҮЙІРМЕШІЛЕР ЧЕМПИОНАТТАН ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ

Үстіміздегі жылдың 22-27 маусым күндері Қарағанды қаласында кеме үлгілеу спорты бойынша ХХVI Қазақстан Республикасы чемпионаты өткен болатын

Чемпионатқа Батыс Қазақстан облысынан кеме үлгілеумен айналысатын үлкен топ жолданды. Солардың қатарында Теректі аудандық балалар шығармашылығы үйінің кеме үлгілеу үйірмесінің тәрбиеленушілері мен жетекшісі – жоғары санатты қосымша білім беру педагогі Манас Аққожин республикалық чемпионатқа қатысты.

Манас Исмағұлұлының шәкірттері жарыстан олжалы оралды.

Ағайынды Есқара - Ерасыл мен Нұрасыл болашақта жақсы техникалық маман болуға қабілеттері бар екенін көрсетті. Кеменің құрылысын, терминологиясын, сызба оқуды меңгерген балалар осы үйірмеде құрал-сайман қолдануды үйреніп, еңбек дағдыларына да жатыққан.

Кеме үлгілерін сапалы жасаған қос Есқара жүлделі орындарды иеленді. Атап айтсақ, Ерасыл «FSR Mоно 1» класы бойынша І орын, «F-2-А» класы бойынша IІ орын алды. Ал Нұрасыл «EX-600» класы бойынша IІ орынға табан тіреді. «F-2-B» класы бойынша кеме үлгісін дайындаған Бекзат Сайлау II орыннан көрінді.

70-ке тарта адам қатысып, 100-ден астам кеме үлгісі ұсынылған үлкен жарыста біздің үйірмешілердің үздік нәтиже көрсетуі – біз үшін зор мақтаныш.

Үміткер ОРЫНҒАЛИЕВ,

Теректі аудандық балалар шығармашылығы

үйінің қосымша білім беру педагогі