Шалқарда «ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ» этно-фестивалі өтті

Шалқарда «ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ» этно-фестивалі өтті

Сарыөмір ауылында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Қымызмұрындық» этно фестивалі өтті.

Салт-дәстүрімізді дәріптеу, ұмыт бола бастаған құндылықтарымызды жаңғырту және ұлттық тағамдарымызды ұлықтау мақсатында Шалқар көлі маңында өткен қымыз тойға қызық көреміз деген халық жиналды. Кең далаға тазы ерткен итбегілер, жүйрігін жетелеген атбегілер толды.

Қазақтың жайлауға шығып, арқасы кеңіген тұста тойлайтын қымызмұрындығына арнайы келген Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұлов «той тойға ұлассын» деген тілегін айтты. Тойлы ауылдың сыйлы азаматы Шәрәпи Шотанов құттықтау сөз сөйлеп, Зинетолла Хайров ақсақал бата берді.

Той көрігі қызып берді. Тазы жарысы ат жарысына ұласты. Тай жарысы – 3 км, топ бәйге - 12 км қашықтыққа өтті.

«Жанға дауа, дертке шипа» қымызды дайындау шеберлігін көрсеткен қымызшылар сайысқа түсті. Қазақша күрес, асық ату, арқан тартыс, қой көтеру ойындарын қызықтаған халық жеңгенді қошеметтеп жатты. Концерттік бағдарламада дәстүрлі өнер-ән, терме, күй төгіліп, әжелер ансамблі мен эстрада әншілерінің өнерімен жалғасты.

Той соңында жеңімпаз-жүлдегерлер марапатталды.