БІР ЖАСЫҢМЕН, БАУЫРЫМ!

БІР ЖАСЫҢМЕН, БАУЫРЫМ!

Көрісу күнін Наурыз мейрамының бастауы деп айтуға болады.   Рас, көрісудің екі түрі бар, біреу туысы қаза тапқанда «ой, бауырымдап» көрісіп жылайды. Екіншісі уақыт пен жыл жаңарғанда, (тіпті Күн мен Түннің арбасуында, күннің жазғы ұзарысында да) қуанысып көріседі. Бұның екеуі де бір өңірге емес, барлық қазаққа тән. Ал бүгін «Көрісу күні», «Амал мерекесі» деп атап жүрген, жыл басы тойланатын  «Көрісу» туралы әңгіме қозғағымыз келеді.

Көрісу күні -  «жаңа өмір», «жаңа жыл», «жаңа күнмен көрісу» деген мағынаны білдіреді.    Көрісу дәстүрінің тарихына үңілсек, ертеректе жапан далада қыс айларында мал баққан көпшелі халық бір-бірімен көрісе алмай, бір-бірін тек көктем келгенде Наурыз мейрамына қарай көре алған екен. Сол уақыттан бері көрісу дәстүр ретінде сақталып қалған.

Шығыс елдерінің кезіндегі күнтізбе бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1-жұлдызы болып есептеледі. Хамал деп отырғанымыз Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым қалыптасқан. Ертеде қазақ бұл күнді "наурыз" демей "амал" деген. Бұл сөздердің айырмашылығы жоқ деуге болады. Ал бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келіп отыр.

Кейбір тарихи мәліметтерге сүйенсек, қазақ Жаңа жыл – Көрісу күнін 1918 жылдан бастап тойлайтын болған.

Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Бір себептермен 14 наурыз күні болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда қариялардың қолын алып, сәлем беруі тиіс.

Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханға тәтті-пәттісін шашып кеп жібереді. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір–біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісіп шығады. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс. Кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Бала қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден дорбасына салып алады. Қазақ қашанда дастарханын айрықша қастерлеген. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.

Бүгінгі күні Қазақстанның батыс аймағына берік орныққан бұл дәстүр жыл сайын жергілікті халық сағына күтетін бірден-бір салт болып отыр. Бұл күні бауырсақ, тәттілерді оқушылар мен мұғалімдер мектепке де апара береді. Көрісіп болған әр адамға тамақ үлестіріліп, «Бір жасыңмен!» деген тілек айтылады.

Бұл мереке Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахань, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтеді. Соңғы жылдары Қазақстанда мейрам аясы кеңейіп келеді. Мәселен, бұрын тойламаған басқа облыстар да амал мерекесін тойлауды қолға алып жатыр. Бұл жақсылықтың нышаны.

Таң лебі мен таң атысымен қазанда бұрқырап пісіп жатқан бауырсақтың иісі Көрісу күнінің белгісі іспетті. 14 наурызда  күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмайды. Бәрінің есігі ашық, үйі жинаулы, дастарханы мол болып тұрғаны абзал.

Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен Жаңа Жылды – 22 наурыз мерекесін қарсы алады.

Амал күні қазағым көріседі

Көрісу, бұл көненің желісі еді

Жасың құтты болсын деп жамырасып,

Ақ ниетпен адал бол деліседі

Көріседі көңілдер жібісін деп

Көріседі тасысын ырысың деп

Көріседі көк мұзда жібісін деп

Көріседі оң болсын ырысың деп.

 

Бір жасыңыз құтты болсын, ағайын!

 

Ғазиза Рахметова