Облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева жеке қабылдау өткізді.

Облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева жеке қабылдау өткізді.

Теректі ауданының әкімшілік ғимаратында 26 ақпан күні Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Бибігүл Қонысбаева жеке қабылдау өткізді.

Бибігүл Тишанқызымен кездесуге арнайы жиналған аудандық мәслихат депутаттары Теректідегі біраз мәселелер жайын қозғады.

Бір жылдың ішінде үш ауылға газ, екі ауылға су жеткізіліп, ауылішілік, кірме жолдарды жөндеуден өткізген ауданда құрылыс салу қарқынды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында халық үшін пайдалы істер жүйелі іске асуда. Аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев осы жақсы істер жайында әңгіме өрбітті. «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаты Сержан Идиятов аудандағы су қоймалары жайлы сөз қозғады. Су мәселесі тек бір ауданды ғана емес, бүкіл облысты алаңдатып отырғанын айтқан Бибігүл Қонысбаева «су көздерінің тартылуы, кейбір жерлерде тапшылығы жайлы мәселе республикалық деңгейде көтеріліп, қаралуда» деді.

«Nur Otan» партиясы фракциясының депутаты Нұрсәуле Аткеева жастар мәселесін, соның ішінде оларды ауылға тұрақтандыру жайын көтерді. «Бюджеттік несиемен баспана алу шеңбері кеңейтілсе, жастар тұрақтауына сеп болар еді» деген ойын айтты.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Бибігүл Қонысбаева мен аудандық мәслихат депутаттары өзара пікір алмасып, атқарылар істер жайын кеңесті.