МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік болатыны әмбеге аян. Халқымыз қашанда қазыналы қартын құрметтеп, оларды өскелең ұрпаққа ұлағат етіп ұлықтаудан жалыққан емес әсте. Мінекей, осындай игі істі бүгін Теректі аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері жалғастырды.

Жалпы, ауданымыздың мәдени әлеуетін арттыруда аталмыш сала ардагерлерінің еңбегі шаш-етектен. Олар аудан тарихында елеулі еңбектерімен, қайраткерлік қызметімен әркез ел аузында жүретіні анық. Өнер саласы бойынша жылдар бойы табанды жұмыс істеп, сол саланың өркендеуіне үлес қосқан ардагерлірдің орны әмәнда биік екені сөзсіз. Осыны мақсат тұтқан мәдениет қызметкерлері «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» деген концертін ұсынды. Кеште Д.Жұмағалиев, Т.Жексенбаев, Қ.Сағидуллин, А.Дәулетқалиев, Г. Құсайынова, Ш. Елжанова сынды өнерпаздар ән шырқап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шара меймандары да олармен бірге ән айтып, би билеп кеш көркін одан әрі қыздыра түсті.

Айта кетейік, «Теректиночка» халықтық вокалды топтың жетекшісі, әрі мүшесі болған, еңбек ардагері Любовь Локтинова жуырда мерейлі 70 жасқа толған еді. Концерт барысында мерейтой иесінің шығармашылығына арналған бейнебаян көрсетілді.

Кеш соңында мәдениет саласының ардагерлеріне ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтар берілді.