Елді мекеннің экономикалық әлеуеті, тұрғындардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқаты жол қатынасына, оның үзіліссіздігімен тығыз байланысты. Оян ауылы Тасқала ауданынан шалғай орналасқан елді мекендердің бірі. Елді мекен ауыз сумен, газбен қамтылып отыр. Былтырғы жылы «Транстелеком» АҚ-мен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде тұрғындар кең жолақты интернетке қолжетімділікке ие болды.
Оянда өтетін кездесулерде тұрғындар жол мәселесі, қатынас мәселесін әрдайым алға тартып отырды. Былтырғы жылы күре жолды жөндеу үшін жергілікті демеушілер арқылы жобалық-сметалық құжаттама жасақталған болатын. Аудан әкімдігімен тиісті сала басқармаларына бюджеттік өтінімдер жолданып, былтырғы жылы жол жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінді. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2022-2024 жылдар. Мердігер мекеме ретінде мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «Асфа» ЖШС-і анықталды.
Мердігер мекеме 2022 жылы құрылыс жұмыстарына қажетті материалдарды жеткізіп, 2023 жылдың сәуір айында құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Қазіргі уақытта жол негізін дайындау жұмыстарын жүргізуде.