ЕМХАНАҒА ҚАЛАЙ ТІРКЕЛЕДІ?

ЕМХАНАҒА ҚАЛАЙ ТІРКЕЛЕДІ?

Қазақстанда емханаға тіркеу науқаны жыл сайын 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында жүреді. Емханаға кім тіркелуі керек, отбасының барлық мүшесі бір медициналық ұйымда болуы керек пе? Оны қалай таңдайды? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ең өзекті сауалдарға жауап әзірледі.

Емханаға тіркеу өтінімі қанша уақыт қаралады?
Тіркеуге өтінімді электронды үкімет порталы арқылы берген жағдайда, тіркеу (немесе тіркеуден нақты себептермен бас тарту) 1 жұмыс күні ішінде қаралады.
Егер басқа емханаға тіркеу өтінімі тіркелу науқаны кезінде берілсе, пациент ол жерде медициналық көмекті қашаннан бастап алады?
Тіркеу науқаны 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін жүреді, ал оның нәтижесі келесі жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді. Яғни, пациент (сол емхана оның тіркеуге өтінімін растаған жағдайда) өзге емханадан медициналық көмекті келесі жылдың басынан бастап алады.
Өзге емханаға тіркелген кезде, бұрынғысынан автоматты түрде есептен шығарылады.

Емханаға кім тіркеле алады?
Емханаға ҚР азаматтары, шетелдіктер және ҚР аумағын тұрақты мекен ететін (тұруға ықтиярхаты бар), азаматтығы жоқ тұлғалар тіркеледі алады. Бұл санатқа жататын азаматтардың Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында және МӘМС жүйесінде қызмет алуға құқы бар.
Емханаға сондай-ақ ҚР аумағына уақытша келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері де тіркеле алады. Олар – ЕАЭҚ-ға қатысушы-мемлекеттердің (Ресей, Белоруссия, Қырғызстан, Армения) азаматтары. Ол үшін олардың медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) пен стационарлық көмек шығынын өтеуге арналған ерікті медициналық сақтандыру келісімшарты (полис) болуға тиіс.
МСАК-қа ЕМС келісімшарты негізінде емханаға тіркеліп, ТМККК аясына кіретін медициналық көмек алуына болады. Бұл ретте еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері МСАК-қа ЕМС келісімшартынсыз Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) кіретін медициналық көмекке қол жеткізе алмайды.

Қызмет алуды жалғастыру үшін барлық азаматтарға өз емханасына қайтадан тіркеуге өтінім берудің қажеті бар ма?
Жоқ, тіркелген халық өз емханасында медциналық көмекті алуын жалғастыра береді. Тиісті өтінім бермесе, азаматтар өзінің бұрынғы медициналық ұйымына тіркеулі болып қалады.
Бір отбасы мүшелері бір учаскелік дәрігерге тіркелуге тиіс пе?\
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету отбасылық бақылау қағидатына негізделеді. Дәрігерге сол отбасы мүшелерінің салауатты өмір салтына бейілдігін қалыптастыру, ықтимал дерттен сақтандыру және аурудан емдеу әлдеқайда жеңіл болады. Медициналық көмек көрсетудің мұндай тәсілі оның сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жақын маңдағысынан алыстау аумақта орналасқан емхананы таңдауға бола ма?
Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) көрсетудің негізгі қағидаты – аумақтық қолжетімділік болғандықтан, пациенттерге (15-20 минуттай жүріп) жаяу баратын емханаға тіркелуге кеңес береміз. Мұның бір артықшылығы – медициналық көмекті үйге де алуға мүмкіндік болады.
Жалпы, тұрғылықты жеріңізге қарамайтын емхананы таңдауға рұқсат (бірақ ол сіз мекен ететін елді мекеннің немесе қала ауданының аумағында болуы керек).
Сондықтан жақын маңда орналасқан емханаға тіркелуге кеңес береміз.

Бір уақытта бірнеше емханаға тіркелуге бола ма?
Жоқ. Тіркеу дербес жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы жүргізілетіндіктен, азаматтар бір емханаға ғана тіркеле алады, бұл ретте бұрынғы емханадағы тіркеуден автоматты түрде шығарылады.
Тіркелуге өтінімді қандай себептер бойынша қабылдамауы мүмкін?
Тіркеуден бас тартуы мүмкін бірнеше себеп бар:
-қате құжаттарды беру;
- пациент басқа қалада (ауылда, елді мекенде) тұрады;
- сол емханада барлық учаскеде тіркелген халықтың максималды саны асып кеткен;
- тіркелетін баланың мүддесіне өкілдік етуге заңды құқығын растайтын құжат болмаған жағдайда;
Нормативтік құжаттарға сәйкес, тіркелген халықтың саны:
• Бір жалпы тәжірибе дәрігеріне – аралас халықтан (ересектер мен балалар) 1700 адамнан;
• Учаскелік терапевтке – ересек халықтан 2200 адамнан;
• Учаскелік педиатрға – 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 бала, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 баладан аспауға тиіс.

Тіркеу науқанына қанша емхана қатысады?
Тіркеу науқанына жалпы 13 мыңға жуық учаскеге қызмет көрсететін 624 МСАК объектісі қатысып жатыр. Салыстыру үшін 2021 жылы тіркеу науқаны аясында медициналық-санитариялық алғашқы көмек тек 521 медициналық ұйымда қолжетімді болды. Жыл сайын амбулаториялық-емханалық көмек қызметін көрсетушілер саны артып келеді. Бұл халыққа медициналық көмекті мейлінше жақын маңнан көрсетуге мүмкіндік береді.
Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының мәліметіне сәйкес, 2021 жылдың 16 қарашасындағы жағдай бойынша республикада медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына 19,4 миллионнан аса адам, оның ішінде шетелдіктер мен қандастар да тіркелген.

Тағы да қандай себептерге байланысты емхананы ауыстыруға болады?
Еске сала кетейік, тіркеу науқаны – емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі емес. Оны жылына бір мәрте еркін таңдау құқығы бойынша жасауға болады, сондай-ақ егер адам тұрақты немесе уақытша мекен жайын, жұмысын не оқуын ауыстырса, басқа елді мекенге көшсе, немесе өзі тіркелген емхана жабылып қалса не қайта құрылса, т.б. жағдайда емханасын ауыстыра алады.
Егер сізде қосымша сауалдар болса, жауабын емханаңыздың Пациенттерді қолдау қызметіне жолығып біле аласыз. Егер сізге ол жерде көмектесе алмаса, өтініміңізді өзіңізге ыңғайлы байланыс арнасы арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жолдай аласыз:
Ресми сайт fms.kz 
Байланыс орталығы 1406
Мобильдік қосымша Qoldau 24/7
Телеграм-бот SaqtandyryBot