Такси қызметтерінің басшыларымен кездесті

Такси қызметтерінің басшыларымен кездесті

12 қаңтарда аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы аудан орталығы және Орал қаласы арасында жолаушылар тасымалын ұйымдастырып отырған такси қызметтерінің басшыларымен кездесті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Асылбек Айтасов және бірқатар мекеме басшылары қатысты. Кездесуде қозғалған негізгі мәселе аудан тұрғындарын толғандырып жүрген жолақының қазіргі бағасы. Айта кетсек, былтырғы жылдың күзінде Тасқала-Орал бағытының жолақысына 200 теңге қосылып, 800 теңгеден 1 мың теңгеге көтерілген болатын. Өсірудің негізгі себебін такси қызметкерлері жанар-жағармайдың, соның ішінде сұйытылған газдың бағасы өсті деп түсіндірген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жанар-жағармайдың бағасы шекті бағасы бекітіліп, сұйытылған газ бағасының нақты көлемі анықталуна байланысты бүгінгі кездесу ұйымдастырылды.

Кездесу барысында аудан әкімі аудан тұрғындарының тарапынан жолақы бағасын бұрынғы көлеміне түсіруді сұраған сауалдарын такси қызметінің басшыларына жеткізді. «Біздерге бірнеше мәрте қоғам өкілдері, тұрғындар келіп жолақы мәселесін көтеріп отыр. Жанар-жағармайдың бағасы тұрақталып, газдың бағасы төмендетілді. Жолақы бағасын төмендетуге болады деп есептеймін. Өздеріңіздің әлеуметтік жауапкершіліктеріңді танытуға шақырамын» - деді аудан әкімі кездесу барысында. Сонымен қатар, жиында заңсыз жолаушы тасымалын ұйымдастырып отырған такси қызметтерінің мәселесі талқыланды. Ол бойынша аудан әкімі тиісті шаралар қабылданатынын айтты.