
Жаңа жылды жақсы тілекпен, үлкен үмітпен қарсылап едік. Бірақ, күтпеген жерден ел ішіне бүлік кірді. Лаңкестер аяулы Алматыны және өзге де бірнеше қаланы қатыгездікпен талқандап, бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндірді.
Талай жыл ұстаздық етіп, білім берумен айналыстым. Бірнеше буынды оқытып, тәрбие бердім. Бірақ, дәл мынандай сорақылықты көрген емеспін. Өз туған Отанына осылай қиянат жасау – барып тұрған опасыздық деп білемін.
Ешбір себепсіз ғимараттарды қиратып, өртеу, тонау және жазықсыз адам өлтіру адами болмысқа мүлдем жанаспайтын, қандықол қарақшының әрекеті.
Біз Тасқала ауданының ақсақалдары орын алған келеңсіздікті үлкен күйзеліспен қабылдап отырмыз.
Көңілге бір медеу болатыны Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде нақты шара қабылдап, террористерге жедел тойтарыс берді. Өкінішке орай, бірнеше сарбазымыз осы қақтығыста Отан үшін опат болды. Батырларымыздың отбасына қайғырып көңіл айтамыз.
Біз Президент қабылдаған шешімдерді қолдаймыз. Жұдырықтай жұмылып, мемлекет басшысына рухани дем берейік.
Құрметті ауылдастарым, аяулы бауырларым арандатушылардың сөзіне ермей, елдіктің жолындағы бір идеяға топтасайық. Жеңістің кілті – бірлікте!
#КүшімізБірлікте#
Тасқала аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы,
ардагер ұстаз
Бақтығұл Тасмағамбетов