ЕГЕМЕНДІГІМІЗДІҢ БОЛАШАҒЫ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

ЕГЕМЕНДІГІМІЗДІҢ БОЛАШАҒЫ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

Тұтқиылдан жасалған террористік шабуыл Отанымыздың болашағы мен тәуелсіздігіне сын сағатын туғызды. Лаңкестердің келеңсіз әрекеттерінен бейбіт жатқан еліміз бір сәтте дүрбелеңге түсті. Алматы қаласы, еліміздің басқа да аймақтары қауіп пен қатердің құрсауында қалды.

Содырлардың құйтұрқы әрекеттерінің салдарынан қалыпты өміріміз өзгерді. Осындай сәтте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шұғыл шешім қабылдап, еліміздің барлық аумағында төтенше жағдай режимін енгізді.

Күштік құрылымдарға егеменді еліміздің аумағында антитеррорлық іс-шараларды жүргізуге, азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығына төнер қауіпті толығымен жоюға тапсырма берді.

Қазіргі уақытта жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Аудандағы барлық қызмет көрсету саласы қалыпты жағдайда жұмыс жасауда. Жанар-жағармайдың, азық-түлік пен өзге де тауарлардың қажетті қоры қалыптастырылды.Аудан әкімдігімен 8-(71139)-21372 байланыс нөмірінде бірыңғай call-орталық құрылды. Аудан тұрғындары мен қонақтары осы байланыс нөміріне хабарласып кез-келген ақпарат ала алады.

Құрметті ауылдастар!

Ардақты ағайын!

Барлықтарыңызды еліміздің тыныштығы мен тұтастығы үшін төтенше жағдай режимін сақтауға, тек ұсынылған ресми ақпаратқа назар аударуға шақырамын. Біз бірліктің арқасында барлығын еңсереміз. Мемлекет басшысының жанында жұдырықтай жұмылып, уақытша қалыптасқан дағдарысты жедел еңсеріп, қалыпты өмірге қайта оралатынымызға сенемін.

ЕГЕМЕНДІГІМІЗДІҢ БОЛАШАҒЫ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА!

БІЗДІҢ КҮШІМІЗ БІРЛІКТЕ!

#КүшімізБірлікте#

Тасқала ауданының әкімі, Б.Айтмағамбетов