
Жуырда ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ІІ Шежін ауылдық округінде дала қызықтары ұйымдастырылды. Оған себепші болған "Қазақстанның үздік 30 ауылы" жобасы еді. Аталған жобаның тізіміне енген ІІ Шежін ауылының бұл жетістігіне ауылдастар болып қуандық. Және тек қана қуанып қоймай, аламан бәйге, қазақ күресі, қол күресі, аударыспақ және қой көтеру секілді ұлттық ойындардан сайыс өткізілді.
Аталмыш шараны тамашалауға келген адамдардың қарасы көп болды. Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 30 жыл. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының нәтижесінде отыз жыл ішінде Қазақстан шекерасын шегендеп, өз алдына дербес зайырлы іргелі елге айналды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі деп білеміз. Шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Аян Халауедин, Батыс Қазақстан табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, Тасқала ауданының құрметті азаматы Алдияр Халелов және аудан тұрғындары мен қонақтар қатысты. Алдымен сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Аян Халауединұлы барша ауыл тұрығындарын айтулы мерекемен құттықтады. «Тасқала бұл тойға үлкен жетістікпен табан тіреді. Аудандағы елді мекендердің еңсесі биіктеп, инфрақұрылым жетіле түсті. Еңбекті сүйген тасқалалықтар таңғажайып табыстарға қол жеткізді. Шежін ауылы еліміздегі отыз үздік ауылдың арнайы жинағына енді. Бұл жетістік барша ауылдастардың ортақ еңбегінің жемісі. Осындай орасан жоғары нәтиженің артында ауылдың әрбір тұрғынының, осы ауылда туып өскен әрбір азаматтың үлесі бар» деді Аян Халауедин. Бұдан кейін өз құттықтауларын Шежін ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы ауыл жанашыры Оразғали Балмулдин, Батыс Қазақстан табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, Тасқала ауданының құрметті азаматы Алдияр Халелов, медицина саласының ардагері Бақтығали Ахметұлы жеткізді. Ұлттық ойындар тәрбиелік мәнімен қоса ой-санасының жетілуіне зор ықпал етеді. Осы орайда ұйымдастырылған сайыс барысында жарысқа қатысушылар шеберліктері мен икемділіктерін ортаға салды. Алдымен жиналған қауым қазақ күресінен сынға түскен балуандардың белдесуін тамашалады. Облысымыздың бірнеше ауданынан келген балуандар боз кілемде белдесіп, бір бірінен асып түсіп жатты. Арасында қарсыласының жауырынын жер иіскетіп, таза жеңіске жетіп жатқандар да болды. Тартысты өткен сайыс нәтижесінде 80-ге дейін салмақ дәрежесінде сынға түскен балуандар арасында сырымдық Нұрсұлтан Мырзахметов жеңімпаз болса, екінші орын ақтаулық Алтынбек Мақашевқа бұйырды. Үшінші орынды Н.Абдрахманов қанағат етті. 80 келіден жоғары салмақтағы жеңімпаздарға келсек, бұл сайыста сырымдық Мерей Бердіғали жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орын сырымдық Нұржан Көлбайға бұйырса, амангелділік Талғат Ажғалиев үшінші орынды қанағат етті. Сондай-ақ қол күресінен өткізілген сайыс, көрермендердің делебесін қоздырып, бір марқайтып тастады. Сайыстың қорытынысы бойынша 80-ге дейін салмақ дәрежісінде ақжайықтық Оразай Хайырсапин топ жарса, 80+ салмақ дәрежесінде шежіндік Бержан Ахметқалиев жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, алтынқабақ сайысынан шежіндік Махмет Наурызғалиевке тең келер ешкім болмады. Қой көтеру сайысында бір минут уақыт ішінде қойды 70 рет көтерген сырымдық Нұрсұлтан Мырзахметов жеңімпаз атанып, сыйлыққа тігілген қойды ұтып әкетті. Жиналған қауым кейін ат жарысын тамашалады. Шежін ауылындағы ұлан асыр тойдың ережесіне сәйкес, атжарысқа қанды аттар жіберілмеді. Құйрық-жалы таралған сәйгүліктеріміз әп дегеннен дүбірлі доданы қыздыра түсті. 15 шақырымдық бәйге басталғаннан-ақ тұлпарлар бірі-біріне шаң қаптыра шаба жөнелді. Нәтижесінде мәреге талдыбұлақтық Ілястың «Жасқыран» атты тұлпары бірінші болып жетті. Ал, бәйгенің басынан алдыңғы шабандозбен қатарласа шапқан тайпақтық Жантөренің «Нұрторы» атты сәйгүлігі мәре сызығын екінші болып кесті. Үшінші болып ояндық Алтынбектің «Миллион» атты тұлпары жетті. Ат үстіндегі ұлттық ойын түрлеріне тоқталсақ, бойында намысы қайнаған, білекті де, тақымды жігіттеріміз аударыспақтан сынға түсті. Бұл сайыс өте тартысты болды. Жиылған көпшілік әр спортшыны қызу қолдап отырды. Нәтижесінде қарсылас шыдатпаған Сұңғат Рысалиев бірінші орынды жеңіп алды. Осы сайыста екінші орынды Бексұлтан Сатыбалды жеңіп алса, үшінші орын Асылжан Жантуховқа бұйырды. Игі шараның қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылардың атынан ақшалай және бағалы сыйлықтар табысталды. Көптен бері бұндай тойға кезікпеген жұртшылық мәз мейрам болып тарқасты.
Болатбек САПАРҒАЛИЕВ