
Қыркүйек айы ауданымыздың мәдениет саласы үшін жетістікке толы болды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Қала күні-2021» мерекесі қарсаңында Ақсай қаласында вокалды-аспапты ансамбльдер «Тәуелсіздікке тарту» атты облыстық байқауы өтті.
Батыс өңірінің мықтылары жиналған өнер додасында аудандық мәдениет үйі жанындағы «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері Сергей Бигазиев жетекшілік ететін халықтық «Тасқала» вокалды-аспапты ансамблі «Бас жүлдені» иеленді. Қазталов ауданынан бастау алып, Бөрлі ауданы жалғастырған көшпелі байқаудың кубогына тасқалалық өнерпаздар ие болды. бұған дейін де отыз жылдан астам тарихы бар ұжым талай байқауда топ жарған. Айта кетсек, 2010 жылы Орал қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қала күніне орай өткен «Оралым - асыл қалам» атты әуенді - аспапты ансамбльдер байқауында бағын сынап, ІІ жүлделі орынды иеленген еді. 2010 жылы Ресейдің Орынбор қаласында өткен аймақаралық «Долг.Честь.Родина» әскери-патриоттық әндер байқауының І орын иегері атанып өңіріміздің мерейін үстем етті. 2016 жылы «День музыканта» облыстық вокалды-аспапты ансамбльдер байқауында «Үздік вокалдық топ» номинациясын жеңіп алып І орынды иеленсе, 2018 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Ақтөбе - құтты мекенім» аймақтық вокалды - аспапты ансамбльдердің байқауына III орынға ие болды. 2019 жылы Қазталов ауданында оздырылған облыстық вокалды-аспапты ансамбльдердің «Туған жер әуені» фестиваль-байқауында жүлделі II орынды иеленсе, Айбек Кахов «Үздік бас-гитара ойнаушысы» аталымына ие болды. Шеберліктерін дәлелдеп жүрген,білікті мамандардан құралған ұжымға алдағы уақытта да биік асуларды бағындырарына сенім білдіреміз.
Аудандық мәдениет үйінің әдіскері Бинұр Хабидашева