Қайырлы күн құрметті әлеумет!
Меритократия қағидатына сәйкес бүгін Тасқала ауданы әкімі ретіндегі жұмысымды аяқтадым.
Өңіріміздегі іргелі ауданның бірі Жәнібек ауданында туып-өстім. Осы жерде мектеп бітіріп, аталарымыздың батасын алып, үлкен жолға аттандым. Мен үшін Жәнібек қашан да рухани күш беруші - қасиетті мекен, алтын ұя!
Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын инженер-гидротехник мамандығы бойынша тәмамдап, Желаев ауылшаруашылық бірлестігінде аға инженер-гидротехник, кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет еттім. Алғашқы еңбек жылдары азамат ретінде қалыптасып, маман ретінде жетілуіме зор мүмкіндік жасады. Көненің көзін көрген, өз ұстанымына берік, білікті де, талапшыл мамандар жолықты. Мен де алдыңғы толқын аға буыннан қалмауға тырысып, өз біліктілігімді көрсете білдім.
1988-1997 жылдар аралығында Приурал ауданында М.Маметова атындағы колхоздың партия комитетінің хатшысы, Трекин ауылдық кеңесінің басшысы, Трекин ауылдық округінің әкімі, аудан әкімінің бірінші орынбасары сияқты жауапты лауазымдарды атқардым. Егемендіктің алғашқы кезеңіндегі қиындықты жергілікті халықпен бірге өткізіп, елдің еңсесін көтеруге жұмыстандым.
Барлық жұмысты елмен бірге кеңесе отырып атқарып, нәтижесін де көпшілікпен бірге талқылап отырдым. Еңбек еткен адам елдің қолдауына ие болатындығын шынайы сезіндім.
Приурал ауданы мен Зеленов ауданы қосылғанда мен аудан әкімінің орынбасары ретінде Дариян бетіне жауапты болып тағайындалдым. Приуралдың аудан статусынан айырылуы тұрғындардың көңіл-күйіне үлкен әсер етті. Бірақ жергілікті әкімдік жұдырықтай жұмылып, ауыл адамдарын түрлі саладағы кәсіпке бағыттай білдік.
Аудан әкімінің орынбасары лауазымында 14 жыл қызмет атқардым. Үлкен өмір мектебінен өттім. Шаруашылықтың барлық саласына араласып, мол тәжірибе жинадым.
Бәйтерек (бұрыңғы Зеленов ауданы) ауданы әкімінің шаруашылық жөніндегі орынбасары ретінде аудан елді мекендерінің табиғи газбен қамтылуы, жолдар мен тұрғын үйлердің салынуы, таза судың тартылуына атсалыстым. Жалпы инфрақұрлымның жетілуі мен әлеуметтік нысандардың жаңадан бой көтеруі және күрделі жөндеуден өтуіне өз үлесімді қостым. 2011 жылғы көктемгі су тасқыны кезіндегі қиындықтарды және тасқыннан кейінгі қайта қалпына келтіру жұмыстарындағы салмақты елмен бірге көтердік.
Бәйтеректік ағайынға ерекше алғыс айтқым келеді. Бастамаларымызға үлкен қолдау білдіріп, шаруаның ілгері жүруіне дем беріп отырды. Қазірге дейін көзкөрген азаматтармен пікірлесіп, араласып тұрамын.
Менің шыңғырлаулықтарға деген ықыласым ерекше. 2011 жылы Шыңғарлау ауданына әкім болып тағайындалдым. Өз жоспарымды алдымен тұрғындардың назарына ұсынып, жұмысты ел ағаларымен ақылдаса отырып жүргіздім. Шыңғырлаулық ағайын қоғамда орын алып жатқан жағдайларға өте сергек қарайды. Мысалы, ауылда атқарылған әр игі іске шын жүректен қуанып, бағасын беріп отырады. Бұл үрдіс бізді жұмыс істеуге талпындыра түсті.
2011 жылы облыста алғашқы болып Шыңғырлауда тұрғын үй модернизациясын бастадық. Жұмыс нәтижелі болды. Алғашқы жылдың өзінде 20 көп қабатты тұрғын үй жаңғырудан өтті. Сонымен бірге, елді мекендердің абаттандырылуы, демалыс орындарын салу және әлеуметтік нысандырдың күрделі жөндеуден өтуіне күш салдым. Жергілікті кәсіпкерлермен жиі кездесіп отырдым. Соның нәтижесінде кәсіпкерлік нысандардың қызмет көрсету сапасын арттыру мен санын көбейту бағытында талай сәтті жобаны іске асырдық.
«Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан шықсын» деген А.Байтұрсыновтың қанатты сөзі әркез ойымда жүреді. Көзінде оты бар, қолынан іс келетін жастарды қолдау менің қай лауазымда жүрсем де ерекша назар аударытын бағытымның бірі. Шыңғырлаудың жастарын, соның ішінде жас кәсіпкерлерін де барынша қолдап, айтарлықтай нәтижеге жеттік.
Шыңғырлаулық ағайынға мың алғыс. Әлі күнге дейін хат-хабар алмасып, жылы лебіздерін білдіріп жатады.
2016 жылы Бөрлі ауданына әкім болып тағайындалдым. Бөрлі облыстағы басқа аудандарға қарағанда құрылымы күрделі, өз ерекшелігі бар аудан.
Жергілікті тұрғындармен тез тіл табыстым. Мықты азаматтармен кездесіп, елдік мүдде жолында талай тың бастамаларды жүзеге асырдық.
Ең бірінші Ақсай қаласының тазалығы мен инфрақұрылымына баса назар аудардым. Қалаға қызмет көрсетуге қолында барлық техникасы бар қуатты мекеменің қажет екені аңғарылды. Сондықтан коммуналдық мекеме мен қызмет ұсынушы кәсіпкерлік нысандардың мүмкіндігін көтеруге күш салдық. Сол арқылы тұрғындар сұранысын қажетті деңгейде қанағаттандырдық.
Дәл осы кезеңде Березовка мен Бестау ауылдарын көшірумен айналыстым. Бұл республикалық деңгейде көтерілген мәселе болғандықтан, жауапкершілік жүгі тіптен арта түсті. Қос ауылдың тұрғындарын көшуге көндірудің өз талай уақыт пен төзімділікті қажет ететін мәселе болды. «Кедей болсаң көшіп көр» деп бабаларымыз тек айтпаса керек-ті. Аталған ауылдардың көшіп-қонуына тікелей жауапты тұлға ретінде талай ұйқысыз таңдарды атырдым. Бәрі де сәтімен аяқталды. Қазір сол азаматтар өз ризашылықтарын айтып жатады.
Бөрлінің мүмкіндігі зор. Әлі де жұлдызы жарқырай түседі деп сенемін. Бөрлі тұрғындарына шынайы көңілден алғыс айтамын.
Тасқала ауданында 3 жыл 3 ай қызмет істедім. Бар ықыласыммен, күш-жігерімді салып, аянбай еңбек еттім. Ел мені қолдады, мен елдің өтінішін аяқсыз қалдырмауға тырыстым.
Мен аудан әкімдері жергілікті тұрғындардың басын қосып, өміршең бастамаларға елді бағыттау керек деп есептеймін. Қай ауданда болмасын осы ұстаныммен жұмыс істедім.
Атқарылған жұмыстардың барлығын мен жалғыз атқарып, ұйымдастырып жатқан жоқпын. Жан-жағымда мені қолдап жүрген ауданның игі жақсылары мен бір идеяға шоғырланған аудан атқамінерлері бар. Осының барлығын өздеріңізге баяндап отырған себебім, бірліктің, қолдаудың арқасында орасан жұмыстың атқарылатындағын жеткізу және осы жұмыстарға атсалысқан барша азаматтарға шынайы ризашылық білдіру.
Адамның жер бетіндегі миссиясының бірі ұлтына, еліне қызмет ету деп білемін. Барлықтарыңызды еңселі егемен елдің жарқын болашағы үшін қызмет етуге шақырамын. Бабалар аңсаған егемендікті баянды ету – барлық ел азаматтарына ортақ міндет. Көк байрағы биіктен желбірейтін, рухы биік еліміздің қарқынды дамуына қызмет ете берейік!
Құрметпен, Алдияр Халелов