Ауыл әкімдерін халық сайлайды

Ауыл әкімдерін халық сайлайды

Алда саяси науқан уақыты жақындап келеді. Оған әзірлік қандай? Жақында «Аудандық маңызы бар қалалар, ауыл, кент, округтердің, тікелей сайлауын ұйымдастыру және өткізу» атты Батыс Қазақстан облысы Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен семинар өтті. Онда биыл Қазақстан тарихында алғаш рет округ әкімдерін тікелей әдіспен сайлау туралы Заң қабылданғаны жайында түсінік берілді. Нақтырақ айтар болсақ, қызметтік өкілеттілігі аяқталған ауыл округі әкімдерін ағымдағы жылдан бастап бұрынғыдай мәслихат емес, енді жергілікті халықтың өзі өзі сайлайтын болады.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында дәл осы «Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру» мәселесін тағы көтеріп, ортаға орамды ой тастаған еді. «Мемлекеттік биліктің барлық дерлік институтын реформалау керек. Жаңғырудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру. Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Мәселен, қоғамдық пікір сауалдамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзіреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет» деген болатын ел Президенті халыққа Жолдауында.

Сондай-ақ, жаңа сайлау науқаны жайында Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев саяси партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттара өту шегін 7- ден 5 пайызға дейін төмендету көзделіп отырғанын айтқан еді. Сонымен қатар, биылғы дауыс беру бюллетендерінде «бәріне қарсымен»  деген баған қойылатынын оқырмандар қаперіне береміз.  - Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиға. Мемлекет басшысының осы бастамасы еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға және саяси бәсекелестікті күшейтуге айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз. Сондай-ақ жергілікті әкімдердің сайлауын өткізу басқару жүйесінің тиімділігін арттырады деп сенеміз, - деді М.Әшімбаев.

Облыста өткен басқосуда ауыл  әкімдерін сайлау туралы заң қабылданғаны жайында тереңірек қамтылып, алдағы жұмыс жоспарлары сараланды. Нақтырақ айтар болсақ, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округі әкімдері енді тек тікелей сайлауда сайланатын болады. Сенатор Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған саяси реформаларды іске асыру аясында сайлау туралы заңнамаларға бірқатар түзетулер енгізілгенін мәлімдегені баршаға мәлім. Сондай-ақ саяси науқан кезең-кезеңімен өтеді деп күтілуде. Бұл заң  халық үшін өте тиімді. Әр адам өзінің ұшқан ұясының, өскен, өмір сүріп жатқан ортасының гүлденіп, дамығанын қалайды. Бұл жаңа сайлау негіздері сол елін көркейтетін нағыз әкімді өздері таңдау арқылы дауыс беру мүмкіндігіне ие.

Ұлттық экономика министрлігі ұсынған заң жобасында саяси партиялар атынан ауыл әкімі лауазымына кандидат ұсынуға және үміткерлер өз-өзін ұсынуға болады. Шынтуайтында бұл сайлауға үміткер ретінде қарапайым азамат та, белгілі бір партияның өкілі де түсе алады. Ең бастысы – ел сенімінен шығып, адал қызмет ету. Сонымен бірге кандидаттардың жасы 25 – тен кем болмауы тиіс. Осы екі жағдайда да үміткерлер екеуден кем болса, онда аудан әкіміне ұсыс жасауға мүмкіндіктер қарастырылған.

Асқар НҰРМАҚОВ,

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы